08 сәу, 2022 сағат 16:10

Песков Ресей әскері Украинада едәуір шығынға ұшырағанын мойындады


Ресей Украина аумағындағы әскери қимылдар кезінде едәуір шығынға ұшырады. Британдық Sky News арнасына берген сұхбатында Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осылай деп мәлімдеді. Дегенмен Кремль өкілі Ресей нақты қанша солдатынан айырылғанын айтпады, деп хабарлайды Азаттық.

Украина төңірегіндегі жағдайға тоқталған Песков аталған ел 2014 жылғы Майданнан кейін өзгергенін атап өтті. Кремль өкілі Майданды "заңсыз төңкеріс" деп атады.

Песковтың сөзіне қарағанда, сол оқиғалардан кейін Украина "антиресейшіл" мемлекетке айналған. "Ол жақта болып жатқан нәрселердің барлығы Ресейге қарсы бағытталған" деді ол.

"Адам шығынын есепке алғанда Ресейдің Украинадағы соғыстан "көңілі қалды ма?" деген сұраққа Песков журналистің болып жатқан оқиғаларды дұрыс түсінбейтінін жеткізді.

Песков сонымен бірге Украина аумағындағы "арнайы операция" алдағы уақытта діттеген мақсатына жетіп аяқталады немесе келіссөзбен бітетін шығар деп үміттенетінін жеткізді.

  • 25 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі Украинадағы соғыста 1351 орыс солдаты қаза болғанын, тағы 3825 солдат жараланғанын мәлімдеген. Содан бері Ресей билігі ол жөнінде айтпаған. Украина қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Ресей жағы 18 600 әскерінен айырылған.
  • Украина қанша солдаты қаза болғанын жариялаған жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі наурыздың соңында кемінде 14 мың украин солдаты қаза болды деп мәлімдеген.
  • Әскери қимыл жалғасып жатқан шақта тараптардың адам шығыны туралы мәліметін тәуелсіз дереккөздерімен тексеру мүмкін болмай тұр.