01 қыр, 2022 сағат 19:46

Перуашев "Президент сайлауына қатысасыз ба?" деген сұраққа жауап берді

© Sputnik / Абзал Калиев

Журналистер Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашевтен кезектен тыс Президент сайлауына қатысу жоспарда бар ма екенін сұрады, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.

"Партия мүшелері менің кандидатурамды ұсынса, оны съезд, құрылтайымыз қарастыру керек. Қазір мен өз атымнан айтсам, ертең сіздер қалай көрсететіндеріңізді өте жақсы білемін. Сол үшін мұндай шешім тек қана партиямыздың ресми органының қолында", - деді Перуашев.

Оның айтуынша, "Ақ жол" партиясы мүшелерінің арасында президенттікке лайықты кандидатуралар баршылық. Партия алдағы сайлауға үміткер ұсына ма, жоқ па, оны партияның ресми органы шешеді.

"Ең алдымен, сайлаудың нақты мерзімі анықталған кезде, біз ұлттық кеңесімізді шақырамыз. Мен өзім шақырамын. Ұлттық кеңесіміз құрылтай шақырамыз ба, жоқ па, шақырсақ кімді ұсынамыз деген мәселені қарайды. Құдайға шүкір, партиямыздың арасында жетекші органдарда жүзден астам лайықты азамат бар. Олардың арасында біреу қатысайын десе, болмаса басқа бір ұсыныс болса, біз құрылтайға жобамен шығамыз. Әрі қарай нақты шешімді құрылтай қабылдайды", - деді Перуашев.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев күзде кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы саяси додаға өзі қатысуға дайын екенін де айтты.