АҚШ-тың қорғаныс министрлігі Ресейдің қанатты зымырандар жүйесін күшейтуі қарулануды қысқарту туралы келісімге қайшы келеді деп есептейді.
АҚШ қарулы күштерінің штаб басшылары комитетінің вице-төрағасы Пол Сельваның айтуынша, Мәскеудің бұл әрекеті НАТО-ның Еуропадағы көптеген нысандарына қауіп төндіреді.
The New York Times газеті ақпан айында хабарлағандай, Ресей қанатты зымырандардың жаңа жүйесін күшейту арқылы 1987 жылы АҚШ пен КСРО арасында орташа және қысқа қашықтыққа арналған зымырандарды жою туралы келісімін бұзды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмирий Песков бұл мақаланы жоққа шығарды. Оның айтуынша, Ресей "өзінің халықаралық міндеттерін орындай береді".
Келісім 1988 жылдың 1 маусымында күшіне енген. АҚШ пен КСРО 500-ден 5500 шақырымға дейінгі орташа және қысқа қашықтыққа арналған баллистикалық және қанатты зымырандарды жасаудан және сынақтан өткізуден бас тартты.