14 нау, 2024 сағат 13:39

"Пенсионер" қыздарды мазаламаңдар!": Нұрлан имам жасы үлкен қызға үйленбеуге кеңес берді

Танымал имам Нұрлан Байжігітұлы тікелей эфирде оқырман сұрағына жауап беремін деп сынның астында қалды. Желі қолданушысы имамнан өзінен 8 жасқа үлкен қызға үйленгісі келетінін айтып, кеңес сұраған еді.

"Апаларға үйлену сәнге айналды. “Пенсионер” қыздарға үйленбеңдер! Үлкен қызға үйлену жақсы тенденция емес. Адам сияқты пенсиясын алып, қартайсын. Олардың мазасын алмаңдар! Қандай махаббат болса да, дүниені қырып бара жатса да, бұл дұрыс емес. Бәрібір ол саған әйел, сен оған күйеу бола алмайсың. "Тең теңімен, тезек қабымен" деген сөз бар. Сондықтан үлкен қыздардың жүрегін ауыртпаңыздар! 10-15 жылдан кейін жас айырмашылығы көріне бастайды. Өзіңнен кішкентай қызға үйленгенің дұрыс", – деп кеңес берді имам. 


Желі қолданушылардың пікірі екіге бөлінді. Бірі имамның сөзін қолдаса, екіншісі “қыздарды мазақ қылу” деп сөкті. 

“Дүмше молда дін бұзар деген осы екен ғой”, “Пенсионер” деп мазақ еткені дұрыс болмады”, “Имам осылай деп тұрса, басқадан не күтесің”, “Кәрі қыздардың намысына тимеңіз” деп жазып жатыр оқырман қауым.