27 мам, 2020 сағат 13:30

Педагог: Мұғалімнің беделі - білім сапасының кепілі

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық кеңестің ІІІ отырысы өтті. Отырыс барысында ел президенті ұстаздардың жағдайына кеңірек тоқталып, мұғалімдер мен оқушылардың беделін көтеру керектігін айтып өткен еді. Осы орайда БҚО Шыңғырлау ауданы Сегізсай негізгі мектебінің ұстазы Айгүл Жетмекова мемлекет басшысының сөзіне үн қосып, елдегі білім саласындағы реформаларға қатысты пікірін білдірді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Айгүл Жетмекова Сегізсай негізгі мектебінде қызмет еткеніне 20 жылдан асты. Оның сөзінше, Тоқаевтың бүгінгі отырыста айтылған білім саласына қатысты өзгерістер тек ұстаздардың ғана, бүкіл қоғамның көңілінен шықты.

"Жалпы мұғалімнің беделін арттырып, мәртебесін көтеру кез-келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі. Бүгінгі Ұлттық кеңестің отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстаздардың беделін көтеру, болашақ педагогтардың стипендиясын 26 000 теңгеден 42 000 теңгеге дейін арттыру қажет дегені, ұстаздардың еңбегін бағалап, "Халық алғысы" атты жаңа медальды бекіту - тек мен секілді ұстаздар қауымын ғана емес, барлық қоғам мүшелерін, азаматтарды қуантты десем артық айтқандық емес. Бұның бәрі ұстаздардың жақсы жұмыс істеуіне, білім берудегі жаңа әдіс-тәсілдерді игеруіне стимул болмақ", - деді Айгүл Жетмекова.  

Оның сөзінше, мемлекет басышысының бастамасымен қолға алынған білім саласындағы реформалар ұстаздың беделін арттырып, абыройын асқақтады.

"Қазіргі таңда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен қазақстандық білім беру саласында бірқатар өзгеріс жасалып жатыр. "Педагог мәртебесі туралы" заңының қабылдануы да еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеріп, ұстаздардың абыройын арттырып, жаңа шығармашылық ізденістерге бастайды деп сенем. Сонымен қатар биылдан бастап педагогикалық мамандықтарға тапсырушы түлектер үшін шекті балдың артуы да мамандыққа деген құрметті арттырары сөзсіз. Енді тек мамандықты, балаларды жақсы көретін мамандар келсе деген тілек менікі. Сондықтан мұндай мәселелердің биік мінберде айтылуы орынды", - деді ол.  

Сонымен бірге Айгүл Жетмекова педагогикалық мамандықты бітірген түлектердің неге мұғаллімдікке қызметке байрмайтынына тоқталып өтті. Оның айтуынша, басты мәселе жалақыда.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы төрт жылда ұстаздарға төленетін жалақыны екі есе арттыру қарастырылған. Бұл да түлектердің ұстаздық мамандықты таңдауына себеп болары анық. Мысалы, қазір арамызда педагогикалық мамандықты аяқтап, алайда ұстаздық қызметтен бас тартақандар саны емес. Оның бәрі жалақыға байланысты деп ойлаймын. Егер жалақыса өссе, мамандыққа тапсыратындардың да саны артады. Сонымен қоса Тоқаев қала мен ауыл мектептердегі білім берудің алшақтығын да айтып өтті. Ол айтқандай, барлық балалар тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білімге қол жеткізуі керек", - деп түйіндеді ол.