Бүгін Парламент Сенатында «Педагог мәртебесі туралы» заңының қабылдануына байланысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұл салаға қанша қаржы жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл заңды жүзеге асыруға қомақты қаржы жұмсалмақ. Ең бастысы, заңнамадағы қадамдар қажетті қаржымен және тетіктермен қамтылғанын, сәйкесінше, заң іс жүзінде жұмыс істейтінін атап өткен жөн. 2024 жылға дейін заңды іске асыруға 5,3 трлн теңге қажет болады. Бұл шынымен де өте қомақты сома. Бүгінде мемлекет білім саласын қолдау қажеттігін түсініп отыр және тиісті қадамдарды жасауда», - деді министр Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенаттың жалпы отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды.
Жалпы, заң жобасы төрт бағытты қамтиды. Біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері, сондай-ақ төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары.
«Мемлекет басшысының Тамыз конференциясында берген тапсырмасының аясында төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есе артады. Бұл тұрғыдан алдағы қаңтар айынан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға өседі. Депутаттардың қолдауымен осы бекітілген бюджетте тиісті қаражат қарастырылған. Біз осы жұмысқа қаңтардан бастап кірісуге дайынбыз», - деді Асхат Аймағамбетов.