Павлодар тұрғындары белгісіз паразит жұқтырғанын айтып, дабыл қағуда. Олардың терісінен жәндіктер шығып жатыр, деп жазады Sputnik Қазақстан Irbistv.kz порталына сілтеме жасап.
Мүгедек балаларды күтіп отырған бірнеше отбасы Ақтауға шипажайға барған. Паразиттер сол жақта жұққанын айтып отыр.
"Бізді бөлмеге жайғастырған кезде балконда құс ұяларын көрдік. Бір күні балапандардың өлексесі де болды. Ал үйге қайтатын күні адамдардың бірі белгісіз паразит жұқтырғанын айтып шағымданғанын естідік", - деді Анна Пахомова.
Үйге оралған соң Анна Пахомова өз денесінде де жәндіктерді көрген. Ол павлодарлық дәрігерлер көмегіне жүгінді. Алайда олар сенбей, әйелді психологиялық диспансерге тексерілуге жіберген. Еш ауытқуы жоқ екені расталған соң ғана дәрігерлер жәндікті зерттеуге кіріскен.
"Бірақ бұл салада жұмыс істейтін зертханалар жоқ", - дейді әйел.
Зардап шеккендер үй карантинінде жатыр. Денесіне зоодүкеннен алынған құралдар жағуда. Олар нақты диагноз бен емдеу қажет деп отыр.