Фото: polisia.kz
Павлодарда киберполицейлер зейнеткердің 5 млн теңгесін алаяқтардан сақтап қалды, – деп хабарлайды Ult.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар қаласында әйелге телефон арқылы алаяқтық әрекет жасалды. Белгісіз тұлғалар өзін домофон қызметінің қызметкері деп таныстырып, құрылғыны ауыстыру үшін СМС-кодты айтуын сұрады. Әйел кодты берген соң, алаяқтар оның деректеріне рұқсатсыз кіргенін айтып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырды. Олар әйелден ақшаны шұғыл түрде шешіп алуын талап етті.
Әйел қаланың екі банк бөлімшесіне барып, ақшаны шешуге әрекет жасаған кезде екінші банк қызметкерлері алаяқтық белгілерін байқап, дереу полицияға хабарлады. Киберполицейлердің және банк қызметкерлерінің қырағылығының арқасында әйел 5 млн теңгеден айырылмай, қаражаты сақталды.
Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов азаматтарды сақ болуға шақырды: мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан СМС-кодты немесе қаражатты үшінші тұлғаға беруді сұрамайды. Күдікті қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, полицияға хабарлау қажет.
