04 қыр, 2018 сағат 18:36

Павлодарлық шенеунік кабинетінен 160 мың доллар, қымбат швейцарлық сағаттар тәркіленді

Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы аса ірі көлемде пара алу күдігімен Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Байқұрманов пен аталған департаменттің экономикалық тергеу қызметінің басшысы Бейсембаевты ұстаған.

«31 тамызда жасырын тергеу шараларын жүргізу барысында аталған тұлғалар осы жылдың наурызында қозғалған қылмыстық істі тоқтату және 1,1 млрд теңгелік салықты салмау үшін ЖШС өкілінен 100 мың АҚШ долларын қайтадан қайтару барысында қылмыстары әшкереленген. Күдіктілердің тұрғылықты жерлерінде, кабинеттерінде, жұмыс орындарында тінту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде ақша қаражаттары мен бағалы заттар табылды. Атап айтқанда, 160 мың АҚШ доллары, 10,5 млн теңге және 9 жұп қымбат швейцарлық сағат алынды», - деді Нұрлан Жахин.

Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, сол күні күдіктілер ұсталып, Павлодар қалалық ІІД уақытша оқшаулағышына қамалған. Ал 3 қыркүйекте күдіктілердің екеуі де Павлодар қалалық тергеу сотының санкциясымен қамауға алынған.

«Күдіктілер тарапынан ақша қаражаттарын заңсыз алу өтініш берушінің түсінігі бойынша, сондай-ақ басқа куәгерлермен жасырын тергеу әрекеттерінің материалдары арқылы расталып  отыр. Сотқа дейінгі тергеу аса ірі көлемде пара алу бабы бойынша жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Нұрлан Жахиннің айтуынша, күдіктілердің лауазымды мемлекеттік қызметте болу мүмкіншіліктері шектеледі. Сонымен қатар параның 70-80 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін немесе 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына ілігеді.

Еске сала кетсек, Павлодар облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) басшысы Ернұр Байқұрманов, МКД облыстық басқармасы тергеу бөлімінің басшысы Азамат Бейсембаев және жедел уәкіл Д.Мағзұмов 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.