Өткен демалыс күндері Павлодар облысында 11 заңбұзушылық орын алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, құрамына полиция қызметкерлері кіретін мониторингтік топ облыстық бас санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген талаптарды сақтау мақсатында тұрақты түрде тексеріс жұмыстарын жүргізіп келеді.
- Өткен демалыс күндері карантин талаптарын бұзған 11 факт тіркелді. Мәселен, 6 тамыз күні сағат 20:00-де Қайдаров көшесінде орналасқан тойханада 30 адамға арналған үйлену тойы өткізіліп жатқаны анықталды. Мониторингтік топтың келгенін білген қонақтар жауапкершіліктен әрі жоғары айыппұл арқалаудан қорқып, оқиға орнынан қаша жөнелді. Ол қатарда үйленіп жатқан жас жұбайлар да болды. Алайда қашу операциясы сәтті аяқталмады. Тойға келген барлық адам полиция бөлімшесіне жеткізілді, дейді Павлодар қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Қаптаев.
Аталған факт бойынша барлық материалдар жиналып, ҚР ӘҚБК 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды. Осы бапқа сәйкес үйлену тойының әрбір қатысушысына 30 АЕК мөлшерінде, сондай-ақ мекеме иесіне 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың басынан бері Павлодарда мониторингтік топтар санитарлық нормаларды бұзудың 146 фактісін анықтады.