17 ақп, 2021 сағат 08:24

Павлодарда қылмыстық топ мемлекетке 1 млрд теңге залал келтірген

Павлодар облысында қылмыстық топ мемлекетке 1 млрд теңге залал келтірген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті «SТОР-ОБНАЛ» жедел шарасы шеңберінде нақты жұмыстарды орындамай, қызмет көрсетпей және тауарларды жөнелтпей жалған шот-фактура жазып беру фактісін анықтады. 

Павлодар облысында 2018-2019 жылдар аралығында бір топ тұлға «өзара есеп айырысу» туралы жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып берумен айналысқан.

Осылайша, ұйымдасқан қылмыстық топ контрагент-кәсіпорындарға салық төлеуден жалтаруға көмектесіп, нәтижесінде мемлекетке 1 млрд. теңгеге жуық шығын келтірілді.

Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. 

Оның шеңберінде айыпталушылардың басқа қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты бар-жоғы тексеріліп жатыр.