05 қаң, 2017 сағат 19:45

Павлодарда кафеде кісі ұрған күзетшілер сотталды

«Элекор Кузет» күзет фирмасының екі қызметкері Святослав Комлев пен Ернар Сейітқановтың әрқайсысы төрт жарым жылға сотталды. Үкімде екеуінің жазаларын жалпы режимдегі түзету мекемесінде өтейтіні айтылған.

Оларға жеке меншік күзет фирмасы қызметкерінің құзыретін арнайы құралдар мен қару қолдана отырып асыра пайдаланды деген айып тағылған. Павлодар қаласы № 2 қылмыстық соты үкімімен Сейітқанов сот залынан тұтқынға алынды. Комлев 2016 жылдың қазан айынан бері қамауда отырған еді.

40 жастағы Святослав Комлев пен 29 жастағы Ернар Сейітқанов Павлодардағы кафе қонақтарын ұру оқиғасынан кейін сотталып отыр. Қазан айының басында әлеуметтік желіде кафеде қонақтарды ұрған видео тараған еді. Онда күзетшілер автомат дүмімен бірнеше ер адамды кафе ішінде соққыға жығады, боқтайды.

Кафеде кісі ұрды деп айыпталған «Элекор Кузет» фирмасының қызметкері Святослав Комлев әйелінің қолынан ұстап тұр. Павлодар, 5 қаңтар 2017 жыл.

Кафеде кісі ұрды деп айыпталған «Элекор Кузет» фирмасының қызметкері Святослав Комлев әйелінің қолынан ұстап тұр. Павлодар, 5 қаңтар 2017 жыл.

Сотталушылар соңғы сөздерінде жәбірленушілерден кешірім сұрап, соттан бас бостандықтарынан айырмауды өтінді. Святослав Комлевтің асырауында кәмелет жасқа толмаған балалары бар. Ернар Сейітқановтың анасы - бірінші топ мүгедегі.

Мұның алдында сот шешімімен күзет фирмасының тағы екі қызметкері - 37 жастағы Руслан Әбдірахманов пен 31 жастағы Азат Ахметов қылмыстық жауапкершіліктен босатылған еді. Ақпараттарға қарағанда, оларды жауапкершіліктен босату туралы жәбірленушілердің бірі өтініш түсірген. Өтініш иесі Павлодар облысының Ертіс ауданының 41 жастағы тұрғыны. Сот-медициналық сараптама қорытындысында оның бас сүйек және ми жарақатын алғаны, бетінің және төсінің іскені, омыртқасына зақым келгені жазылған. Бұл жарақаттарды сот жеңіл деп тапқан.