Павлодарда балаларының еркелігін көтере алмаған әке оларды ұрып-соққан. Полиция тергеуді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полицияға Павлодар қаласының 36 жастағы тұрғыны жүгініп, 28 қазанда күйеуі алты жасар ұлы мен жеті жасар қызын ұрыпты. Ұлының екі тісін сындырған екен.
«Қоңырауға келген полиция қызметкерлері әйелдің оқиға кезінде жұмыста болғанын анықтады. Әкесімен қалған балалар еркелеп, балконға қарай жүгіріп, әкесінің сөзін елемеген. Балаларды басу үшін ер адам оларға қол көтерген», - деп хабарлады Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Балалардың анасы үйге келгенінде отағасы жұмысқа кетіп қалған екен. Әйел дереу медициналық көмекке жүгінген.
Павлолар тұрғынына қатысты аталған факті бойынша ҚР ҚК 140-бабының 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеу қозғалды. Сараптама тағайындалды.
Тергеу кезінде әкесі отбасынан тыс жерде.
Тәртіп сақшылары көбінесе зорлық-зомбылық құрбандары көмек сұрамайтынын атап өтті. Зорлық-зомбылық фактілерінің үнсіз қалуының себебі – құқық бұзушыға қатысты заңды білмеу және аяушылық.
«Қазіргі уақытта Павлодар облысында тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 3476 адам әкімшілік жауапқа тартылды, оның ішінде: 2486-сы – отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін, 754-і – қасақана денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін, 236-сы – ұрып-соққаны үшін. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамағаны үшін екі факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деп хабарлады полициядан.