Фото: polisia.kz
Шілде айының ортасында жедел қызметкерлерге көрші мемлекеттің азаматының бүйрегін сату туралы жедел ақпарат түскен. Осы мақсатта шетелдік әйел Павлодар қаласына келіп, баға мен шарттарды талқылап, сатуға келісім берген.
— ҰҚҚКБ қызметкерлері күдіктіні келісілген ақшаның бір бөлігін алу кезінде ұстады. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Спикер қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстанда заңсыз трансплантациялауға, сондай-ақ адам ағзаларының, мүшелерінің, тіндерінің және тіндерінің бөліктерін сату, сатып алуға тыйым салынғанын және ол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды.
— Полиция азаматтарды осындай фактілерге куә болған жағдайда, «102» арнасына немесе «police 102» мобильді қосымша арқылы хабарлауға шақырады. Анонимділікке кепілдік беріледі, — делінген хабарламада.
Айта кетелік елімізде жыл басынан бері адам саудасына қатысты 285 қылмыстық іс тіркелген. Оның 28-і кәмелет жасына толмаған балаларға байланысты.
