03 шіл, 2024 сағат 15:27

Павлодарда балаларды ұрған тәрбиеші жұмыстан шығарылды


Павлодарда бүлдіршіндерді ұрған балабақша тәрбиешісі жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Павлодар қаласындағы N79 балабақшасының тәрбиешісі бүлдіршіндерді ұрған. Оның әрекеті бейнекамераға түсіп қалған. Ата-аналар балабақша басшысына жүгінген.


"1 шілдеде балабақшаның орта тобының ата-аналары басшының міндетін атқарушыға бейнебақылау камераларын қарау туралы өтінішпен жүгінді. 26-27 маусымдағы жазбаларда күннің екінші жартысында тәрбиешінің балаларға дөрекі қарым-қатынасы анықталды", - дейді ведомстводағылар.


Басқарманың мәліметінше, тәрбиеші жұмыстан шығарылған. Білім бөлімін уақтылы хабардар етпегені үшін барлық материалдар құқық қорғау органдарына берілетін болады.