Фото: Ашық дереккөз
Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді. Павлодар облысы аумағында жүргізілген жедел шаралар барысында 9 күдікті ұсталып, олардың төртеуі қамауға алынды, деп хабарлайды Ult.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, топ мүшелері өткен күзде еркін жайылымдардан мал ұрлап, кейін оны сойып, етін саудаға шығарған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 40 миллион теңгеден асады. Қазір олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Облыстық Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжановтың айтуынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасуда.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары ветеринарлық қызметпен бірлесіп, мал мен ет өнімдерін тасымалдауға қатысты бақылауды күшейткен. Жайылымдар, қараусыз жүрген мал, сауда нүктелері, базарлар, сою пункттері және ет тасымалдайтын көліктер тұрақты тексерілуде. Әсіресе мал айналымының заңдылығын растайтын құжаттар мен ветеринарлық талаптардың сақталуына басымдық беріліп отыр.
Полиция мал иелерін қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды. Себебі тіркелмеген және қараусыз қалған мал көбіне ұрлық нысанасына айналуда.
