
Павлодар облысының Ақсу қаласындағы Қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік орталықта 28 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Аймақтың Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдерінің айтуынша, алғашқы жағдай 28 қараша күні тіркелген. Тексерістен өту үшін емханаға орталықтың санитар қызметкері жүгініп, одан коронавирус анықталған. Сол күні әйелмен жақын байланыста болған екі қызметкер мен қамқорлыққа алынған 34 адам ПТР-тест тапсырды.
29 қарашада мекеменің үлестірушісі емхананың мобильді тобына жүгінген. ПТР-тексерістен 70 адам өтті, оның 69-ы қамқорлыққа алынған тұлға.
«2020 жылғы 4 желтоқсандағы жағдай бойынша Ақсудағы Қарттар мен мүгедектерге арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында COVID-19 жұқтырудың 28 оқиғасы тіркелді. 22-сі қамқорлыққа алынған тұлға, 19-ында ауру симптомсыз өтуде. Сондай-ақ коронавирус алты қызметкерден анықталды, олардың екеуінде індет белгілері бар. Сырқаттанған азаматтардың барлығы ауруханаға жатқызылды. Тағы төрт қызметкер – үй карантинінде», - деді мекеме өкілдері.
Жалпы мекемеде 195 тұрғын мен 38 қызметкер бар. Барлығы COVID-19-ға тест тапсырған.
Еске сала кетсек, эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында мектептердегі кезекші сыныптар жабылып жатыр.
Павлодар облысы коронавирус індеті бойынша «қызыл аймақта» тұр. Қазіргі уақытта 6780 вирус жұқтыру оқиғасы тіркелген. Олардың 526-ы Ақсу қаласында.
