28 шіл, 2023 сағат 12:42

Павлодар облысында тұрғынды қорқытып, ақша бопсалаған күдіктілер қолға түсті

Фото: Polisia.kz

Павлодар облысының тұрғынын қорқытып, ақша бопсалаған үш күдікті қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ҰҚҚКД қызметкерлерімен бірлесіп және Павлодар облысы прокуратурасын үйлестіруімен бопсалау қылмысы бойынша күдікке ілінген азаматтарды ұстаған.

Жергілікті тұрғын полицияға күдіктілердің бірнеше ай бойы қоқан-лоққы, зорлық-зомбылық көрсетіп, қолма-қол ақша алғанын айтқан.

Полиция қызметкерлері анықтағандай, Ақсу қаласының үш тұрғыны өздерінің дене бітімін пайдалана отырып, жәбірленушіден жүйелі түрде ақша бопсалай бастаған және 100 мың теңге иемденген. Сондай-ақ күдіктілердің бірі осындай қылмыс жасағаны үшін тергеуде екені белгілі болды.

Фото: Polisia.kz

"Тұрғылықты жері бойынша тінту іс-шаралары барысында күдіктілерден қолдан жасалған пышақтар, телефондар, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", – дейді Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.

Осы баптың санкциясымен 3 жылдан 7 жылға дейін жаза қарастырылған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін адам қылмыс жасағаны үшін кінәлі емес деп есептеледі.