30 мау, 2021 сағат 16:37

Павлодар облысы елордада Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін орнатады


Павлодар облысында елорда күніне орай қандай шаралар өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы онлайн өткен баспасөз мәслихатында Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Оспанова мәлім етті.

- Мерекелік шаралар барысында 3 шілдеде Астана күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаев ескерткішінің ашылуы өтеді. Ескерткіш Павлодар облысының әкімдігі атынан Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне сыйға тартылады. Оның авторы – белгілі мүсінші, бірқатар үлкен ескерткіштердің авторы Асқар Нартов. Ескерткіш елордадағы Қаныш Сәтбаев пен Қажымұқан Мұңайтпасов көшелерінің қиылысындағы «Қазақстан» спорт кешенінің алдында орнатылады, - деді Сәуле Оспанова.

Ескерткіш қоладан құйылған, биіктігі 5,25 м, салмағы 4,9 тонна. Тұғыр тасы граниттен жасалған, биіктігі – 5,8 м, салмағы – 3,6 тонна.

Сондай-ақ Астана күніне Павлодар облысы бойынша 270-тен астам іс-шара өткізу жоспарланды. Оның 30-дан астамы облыстық мәдениет кәсіпорындары мен мекемелерінде өткізілетін болады.

Оның ішінде мерекелік концерттер, акциялар, викториналар, көрмелер, квесттер, челлендждер, дәрістер, дөңгелек үстелдер, әдеби және музыкалық кештер және басқа да шаралар бар.

- 6-30 шілде аралығында облыстық көркемсурет музейінде «Тәуелсіздік кепілі. Оқиғалар мен өмір хроникасы» фотокөрмесі жұмыс жасайды. Шілде айы бойы Павлодар қаласының орталық кітапханасында «Тәуелсіздік рухымен» кітап көрмесі ұйымдастырылады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде «Шаңырақ» орталығы 21 маусымнан бастап 3 шілдеге дейін «Еңсесі биік Елорда» балалар мен жасөспірімдер арасында ән және көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын өткізуде, - деді Сәуле Оспанова.

5 шілдеде облыстық кітапхананың С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығы «Ұлы дала Елордасы» ҚР Тұңғыш Президенті туралы фильмдердің кинокөрсетілімін ұйымдастырады.

Ал, 6 шілдеде облыс орталығындағы барлық музыкалық мектептер мен музыкалық ұжымдар өз алаңдарында, сыртта концерт ұйымдастырады.