Фото: iStock
Шымкентте полиция қызметкеріне күш көрсеткен жасөспірімге сот үкімі шықты. Оқиға тұрғын үй ауласындағы төбелеске байланысты шақырту кезінде болған, деп хабарлайды Ult.kz.
Іс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Тергеу мәліметінше, оқиға өткен жылдың қараша айында тіркелген. Ауладағы жанжал туралы хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері жедел жеткен.
Сол сәтте жасөспірім алдымен патрульдік көлікті теуіп, кейін тәртіп сақшылары көліктен шыққанда олардың заңды талаптарына бағынбаған. Қарсыласу барысында ол полицейлердің бірін жұдырықпен ұрып, салдарынан қызметкер жеңіл жарақат алған.
Сот отырысында жасөспірім кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, жеңіл жаза сұрады. Ал жәбірленуші тарап жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырды.
Прокурор айыпталушыға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Нәтижесінде сот оны «билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша кінәлі деп таныды.
Сот жасөспірімнің шын өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, ауырлататын жағдайлар анықталмағанын атап өтті.
Үкімге сәйкес, жасөспірім 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енді.
