09 ақп, 2023 сағат 12:39

"Пәтеріміз бір жылымай қойды". Екібастұз халқы әлі тоңып отыр


Фото: Темірбаев, Massaget.kz

Екібастұз тұрғындарына жылу әлі жетпей жатыр. Өйткені жылу орталығындағы қазандықтар тұрақты жұмыс істемей тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Станцияда 10 қазандықтың қазір төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Бұл қаланы жылумен толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Кейде үш қазандық та тоқтап қалатын кездері бар. Жылу желісінен 19 ақау анықталған. Оларды қалпына келтіру үшін сол шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылудан уақытша ажырата тұруға тура келеді. "Павлодарэнерго" АҚ басшылығы да жылу көктемге дейін төмен деңгейде болатынын жоққа шығармайды.

"Төтенше жағдай болғалы пәтеріміз бір жылымай-ақ қойды. Үнемі электр пеш қосып отырамыз. Оны өшірсек, үй суып кетеді. Бір бөлмені қымтап жауып қойдық. Сонда бәріміз ұйықтаймыз. Жылытқыш қосқан болып электр қуаты үшін айына 30 мың теңге түбіртек келеді", - дейді зейнеткер Еркін Темірғалиев.

Желтоқсанның жылу төлемдерін монополиялық компания өз мойнына алған. Осылайша, олар қаңтарда 70 пайыз жеңілдік жасайтынына уәде берген. Ал электр энергиясы үшін төлемдерді тұрғындардың өзі төлеуіне тура келеді. Өйткені жарық жеткізуші компания - бөлек кәсіпорын.


"Жылу беру жүйесі, өкінішке қарай, бірқалыпты жұмыс істемей тұр. Бірақ мүлде жылу беріліп жатқан жоқ деген ақпаратқа сенуге де болмайды. Себебі станция жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, кей күндері үш қазандыққа дейін түсіп қалады. Ол күндері жылу параметрі түседі. Төлемдерді қайта есептеу мәселесін қарастырып жатырмыз", - дейді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Жылу теңгерімі жеткіліксіз болғандықтан Екібастұз қаласындағы 25 мектептің барлығы да онлайн оқу форматына көшкен. Ал балабақшаларда 27 кезекші топ жұмыс істеп тұр. Олар қосымша электр жылытқыштарды қолданып отыр. Білім беру үрдісі қалыпты жағдайға қашан көшетінін дөп басып ешкім айта алмай отыр.