Армения премьер-министрі Никол Пашинян және Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 7 сәуір 2021 жыл.
7 сәуір күнгі Мәскеуге сапарында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ресей басшысы Владимир Путиннен Таулы Қарабақтағы соғыс кезінде тұтқындалған армян сарбаздарын босатуға қол ұшын беруді сұрады.
Былтыр күзде Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабақ үшін соғыс болған. Бұл аумақ халықаралық дәрежеде Әзербайжан бөлігі ретінде мойындалғанмен, 1990 жылдың басынан бері этникалық армяндар бақылауында болған.
Алты аптаға созылған соғыс Ресей араласуымен жасалған атысты тоқтату туралы келісіммен аяқталған. Оған сәйкес, Таулы Қарабақтың бір бөлігі және оған жапсарлас жатқан жеті аудан Әзербайжан бақылауына өтті.
Осы келісімнің жүзеге асуын қадағалау үшін Таулы Қарабақ жеріне Ресейдің 2 мың адамнан тұратын бітімгер әскері кірді. 6 мыңнан адам соғыста қаза тапқан. Бірақ Таулы Қарабақтың ақырғы мәртебесі бұлыңғыр күйде қалды.
Әзербайжан тарабының қанша армян солдатын тұтқында ұстап отырғаны жайлы ресми мәлімет жоқ. Дегенмен РБК ақпарат агенттігінің жазуынша, Әзербайжанда шамамен 140 армян сарбазы қамауда отыр. Армения жағында да қанша әзербайжандық бары белгісіз.