23 жел, 2020 сағат 09:23

Парламент зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға қатысты заңды қабылдады

Парламент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Сенат енгізген толықтырулармен келісті.

Айта кетейік, 21 желтоқсан күні Сенаттың жалпы отырысында аталған құжат екі оқылымда қаралды. Құжатқа толықтырулар енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. 

Заң жобасымен жұмыс барысында ҚР Парламенті Сенаты комитеттерінің бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Құжатты қарау кезіндегі талқылау барысында нақтылаушы сипаттағы өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек болғаны атап өтілді. Осы орайда ішкі қарама-қайшылықты болдырмау және заң жобасының нормаларын қолданысқа енгізу ескерілген. 

«Сенат енгізген түзетулер нақтылау сипатына ие және Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Сондықтан Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген толықтыруларға келісім білдіруді ұсынады», - деді Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев. 

Құжат аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен азаматтардың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсауы үшін қолдану құқығы белгіленеді. Заң жобасы микроқаржы ұйымдары мен басшыларға қойылатын талаптарды арттыруды да көздейді. Бұл қарыз алушылардың мүдделерін қорғауға және қаржы нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.