Түрксіб ауданындағы Пархач көлінен алынған зерттеу сынамаларының алғашқы нәтижесі жарияланды.
Қазгидрометтің хабарлауынша, су сапасын талдау 44 физика-химиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.
«Бірінші күнгі талдау нәтижелері бойынша су өте лайланған (мөлдірлігі-9) және шіріген балықтың иісі бар екендігі атап өтілді.
Зертханалық талдау нәтижелері бойынша оттегіні химиялық тұтыну бойынша шекті норманың 11 есе артуы тіркелді – 380 мг/дм3. Бұл тоғанның органикалық заттармен ластануын көрсетеді. Қазіргі уақытта негізгі иондар, ауыр металдар және 5 тәулікте оттегіні биохимиялық тұтыну бойынша суды талдау жалғасуда, олардың нәтижелері қосымша жарияланады», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, Пархач көлінен өлі балықтардың табылуына байланысты тексеру жұмыстары басталған болатын.