16 жел, 2021 сағат 20:17

Парижде Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған концерт өтті


Парижде қазақстандық музыкалық мәдениеттің озық үлгілерін паш еткен «FORTE-TRIO» ұжымына француз жұртшылығы зор қошемет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Шетелдік көрермендерді тамсандырған «FORTE-TRIO» мемлекеттік триосының бұл концерті Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған халықаралық гастрольдер аясында өтті. 

Қазақстандық әртістер Париж төрінде орналасқан әйгілі Сortot залында өнер көрсетті. Ғасырға жуық тарихы бар, акустикасы ерекше бұл концерттік залды әлемдік классикалық өнердің жарық жұлдыздары ерекше бағалайды. 

FORTE-TRIO концерті туралы осыдан біраз уақыт бұрын Сortot залының сайтында жарияланған афиша көрермен назарына бірден ілікті. Трионың шеберлігі қазақстандық әртістердің өнерін тамашалауды асыға күткен көрермендердің көңілінен шықты. Трио әртістері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұжымның негізін қалаушы Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаттары Мұрат Нарбеков (виолончель) пен Шолпан Манкеева (скрипка) отандық музыкалық өнерді жоғары деңгейде көрсете білді.

Ұлттық және әлемдік классикалық репертуардан тұратын концерттік бағдарлама талғампаз шетелдік көрерменді бірден баурап алды. Әртістер халқымыздың ұлттық құндылықтары көрініс тапқан «Япурай» және «Көроғлы» туындыларын ұсынды. Сондай-ақ С.Рахманинов, К.Дебюсси, И.Брамс сынды әлемдік композиторларының үздік шығармалары орындалды. Трио Еуразия кеңістігінде орналасқан ұжым ретінде түрлі музыкалық бағыттарды шебер игергенін тағы да дәлелдей түсті. Ыстық ықыласын аямаған тыңдарман әртістерге зор қошемет көрсетіп, бірнеше рет биске шақырды. 

Концертке арнайы шақырылған Қазақстанның Француз Республикасындағы елшісі Жан Ғалиев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Бекхожин, ЮНЕСКО өкілдері концертке жоғары бағасын берді.

Қазақстан елшісі Жан Ғалиев атап өткендей, FORTE-TRIO гастрольдері екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың нығая түсуіне өз үлесін қосты.

- Француз халқы осы концертте еліміздің классикалық музыка өнерінің үздік үлгілерін тамашалай алғандығын мақтан тұтамын. Бұл кеште көрермен біздің әртістерді сан мәрте биске шақырып, жібергісі келмеді. Меніңше, осындай зор ықылас – қазақстандық әртістердің өнеріне берілген нағыз жоғары баға. Еуропа төрінде тұрып жатқан барша қазақстандықтар үшін бұл ерекше мақтаныш. Осындай үлкен концерттің Тәуелсіздік мерекесі және Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқаны қуантады, - деді Жан Ғалиев.

Халықаралық гастрольдер аясында өткен алғашқы концерттен алған әсерімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, пианист Тимур Урманчеев бөлісті:

«Париж көрермендері бізді өте жақсы қабылдады. Біздің трио шетелдегі отандастарымыз үшін осындай мерекелік концерт өткізгеніне қуаныштымын».

Концерттен кейін көп көрермен өз пікірлерін ортаға салды. Олардың қатарында белгілі ақын Төлеген Айбергеновтың немересі Айнар Айбергенова да болды. 

- Сөз жоқ, тамаша концерт. Шетелдіктер бұл концерттен Қазақстанның бай мәдениетін тани алды. Әртістердің өнерін айрықша атап өткен жөн. Париж төрінде өтіп жатқан мұндай керемет концерттің куәгері болғаныма ризамын, - деп жеткізді ол.

Трионың Франциядағы гастрольдік сапары 23 желтоқсанға дейін жалғасады. Келесі концерттер Theatre de la sinne (Мюлуз, 16 желтоқсан) театрында, Мэрияның тарихи сарайында (Нанси, 17 желтоқсан) және атақты «Моliere» залында (Лион, 22 желтоқсан) өтеді. 

Еске салсақ, «Forte Trio» – еліміздегі белгілі камералық-аспаптық ансамбльдердің бірі. Трионың шығармашылығы Қазақстанда да, шетелде де кеңінен танылған. Forte Trio Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының құрамын кіреді.