03 қаз, 2016 сағат 11:28

Париж келісімі қарапайым қазаққа не береді?

Бүгін Парламент Мәжілісі «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын талқылауға кірісті. Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Ерсұлтан Бексұлтановтың айтуынша, бүгінде климаттың өзгеруі бір мемлекеттің аясында қатты байқалмаса да, әлемдік масштабта оның әсері айтарлықтай. Мәселен, соңғы 20 жылдың ішінде адамзат баласы 200 млн. гектар орманнан айырылды. Ондағы флора мен фауна да жойылды. Ауа-райының өзгеруінен ауыл шаруашылығы саласында шығындар көбейді. Осыған байланысты әлем елдері бірігіп, бәріне бірдей экологиялық талаптарды орындауды міндет етіп қоятын Париж келісімін әзірледі. Биыл аталған құжатқа бірден 175 мемлекет қол қойды. Бір келісімді осыншама көп елдің бірауыздан қабылдағаны – бұрын сонды болмаған оқиға. Соның өзі климаттың өзгеруі саласындағы проблемалардың маңыздылығын көрсетсе керек. Ендігі кезекте, әрбір мемлекет ол құжатты ұлттық заңнамамен бекітіп, ратификациялап алуы қажет, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі Baq.kz порталына сілтеме жасап.

Бүгінгі отырыс барысында Париж келісімін таныстырған ҚР Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібековтың айтуынша, бүгінде Париж келісімін 62 ел ратификациялады. Олардың ішінде АҚШ, Қытай, Мексика, Украина, Үндістан және тағы басқа мемлекеттер бар. Еуразиялық экономикалық одақ мүшелері ішінде әзірше тек Беларусь мемлекеті ғана ол құжатты ұлттық заңнамамен бекітіп алды.

«Париж келісімі жаһандық температураның орташа өсімін 2 градустан асырмауды көздейді. Сондай-ақ оған қосылған мемлекет парниктік газдарды азайтып, жасыл технологияларды дамытуға басымдық беруі тиіс. Әрбір бес жыл сайын осы саладағы жұмыс бойынша әлем қауымдастығы алдында есеп беріп отыру қажет. Барлық міндеттемелердің заңды күші жоқ. Оның бәрін ерікті түрде орындау жайында жазылған», - дейді Ғ.Сәдібеков.

Вице-министрдің айтуынша, Париж келісімінде көрсетілген мақсат-міндеттерге жету үшін Қазақстанда тиісті бағдарламалар қабылданған. Соның ішінде аймақтарды сумен қаматамыз ету, экологиялық таза отынға ауысу және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар бар. Үкімет оның бәрін ойдағыдай атқарып шықса, әлем қауымдастығының талап-тілектері орындалады.

Бұдан бөлек, Париж келісімі аясында дамыған елдер арнайы қор құрып, соның есебінен дамушы мемлекеттерге көмектесетін болады. Сондай-ақ олар жасыл экономика саласындағы озық технологияларымен бөліседі.

Ескерту!

Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.