16 қар, 2016 сағат 14:44

Парасат пайымдары (Елбасы кітабы жайлы пікірлер)

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» атты жаңа туындысы «Егемен Қазақстан» газетінің бірнеше санында жарияланған болатын.  Ел тағдырын күллі адамзаттық құндылықтармен сабақтастыра баяндайтын терең пайымдауларға құрылған туынды қалың оқырман тарапынан жылы қабылданды. Оған поштаға келіп түсіп жатқан хаттарда жазылған пікірлер, лебіздер, тілектер дәлел. Бүгін солардың ішінен бірнешеуін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Парасат пайымдары

Тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалап, іргелі идеяларының нақты жобаларға айналып, еліміздің аяғынан нық тұруы үшін қызмет етіп келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа туын­дысы – ел мен жердің тағдырына алаңдаған, үлкен жанашырлықпен жазылған жиынтық ойының жемісі.

Аталған еңбектегі әңгіме желісі өткен күндердің жылнамасы, яғни адамдардың өмірбаяны секілді. Шаттанған шағың, ренжіген сәттерің, үкілеген үміттерің мен асқақ армандарың – бәрі ғұмырнама тарихы.

«Егемен Қазақстанды» жыл сайын жаздырып алып оқитын тұрақты оқырманы болғандықтан, қыркүйек айынан бері жария­ланып жатқан «Ұлы Дала ұлағаттары» туындысының тағылымға толы тарауларымен таныспын. Әрдайым мемлекеттің, Қазақ елінің, жерінің тағдыры туралы толғанатын Президентіміз бұл еңбегінде егемендігіміздің 25 жылдық тарихының түйінін жасап, жаңа кезеңдегі Қазақстанның тарихи, мәдени, саяси бастауларын өткенмен сабақтастырып, келешекпен қабыстырады. Дәл қазір өте өткір, өзекті айтылып жатқан жер жөнінде азаматтық ұстанымын білдіріп, ана тіліміздің абыройын асқақтататын аталы, баталы ой айтқан тұсын тағылымды деп білемін.

Дін туралы айтқаны тіпті тұщымды. Қазіргідей өзге діннің сойылын соғып, Сирияға аттанып, құрбан болып жатқан қазақ жастарына қарата айтқан: «Өз дініңді қадір тұт, өгей дінге бас ұрма. Алла – адал ниет­те, жүрегіңді таза ұста. Ізгілікті қайырымдылықпен ұштастыр, игілікті еліңе жаса. Топшыл болма, көпшіл бол, халқыңды қадірле, жұртыңның салт-дәстүрін құрметте. Дін – ғылым, жан дүние жарасымын табиғатпен үйлестір. Ғылымның ғибратты жолын таңда, біліміңді жақсылыққа пайдалан. Заманның болмысын аңда, тойшыл болма, ойшыл бол» дегені түсінген адамға тура жолды тұспалдап емес, соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп, анығын, ақиқатын айтып тұр.

Ішкі саясаттағы тұрақтылық пен сыртқы саясаттағы табысымыздың бәрі расында да өзгенің қадір-қасиетіне сыйластықпен қарағанның, діни наным-сеніміне құрмет көрсетудің, бірлік, ынтымақ пен тыныштыққа барынша мүдделі болып отырғанымыздың нәтижесінде мүмкін болып отыр. «Ұлы Дала ұлағаттары» – Елбасымыздың «Қазақстандық жол» деп аталатын даму үдерісіндегі еліміздің қол жеткен жетістігі мен қиындығын үлкен парасатпен пайымдап, оған өзінің сындарлы бағасын берген үлкен еңбегі.

Сәбит Оразбаев,

Қазақстанның халық артисі,

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері

 

Келешекке қалар қазына

Тәуелсіздік таңы – ежелгі батырларымыздың, Алашымыздың арыстарының жаукешті замандарда, қантөгіс шайқастарда қасықтай қанын қиып, сан ғасырлар бойы  түрлі жаумен арпалыс­та сақтап қалған кең даласында бүгінгі күнде өмір сүріп отырған ұрпақтың маңдайына біткен бақыты.

Тәуелсіз Қазақстанның әлем картасында шекарасы айқындалып, көк байрағы желбіреп, әрдайым бітімгерлікке бастайтын бейбіт үнінің жарқын шығуына бүгінде ширек ғасыр уақыт толып отыр. Еліміз осы кезең барысында орасан қиын жолдардан өтті. Экономикасы мен саясатын жаңадан құруға, білімі мен мәдениетін жаңғыртуға, жалпы өмірін қайта құруына  тура келді. Бұл бейбіт өмірде болған сұрапыл шайқастардай еді.

Тәуелсіздік таңының атуын да зор рөл атқарған  еліміздің тарихи ерен тұлғасы – Елбасымыздың  осы жылдар бойы ұстанған сындарлы саясатының, халқымыздың маңдай терін төгіп еткен қажымас еңбегінің арқасында еліміз сын-өткелдерден сүрінбей өтіп, қазір өркениет көшімен ілесе дамып, әлемдегі алдыңғы қатардағы 30 елдің қатарына ұмтылуы – өткен ширек ғасырдағы тамаша жетістігіміз.

Қазақ елі ұлы даламызды мекендеген көшпенді халықтың лайықты ұрпағы болып отыр. Елбасымыз теңдессіз «Мәңгілік Ел» идеясын тұжырымдаумен қатар елімізді «Ұлы Дала елі» деп атауды ұсынды. Биыл тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толуы қарсаңында Елбасы өзінің «Ұлы Дала ұлағаттары» атты еңбегін жарыққа шығарды. Бұл алдымен, жас ұрпақ үшін жазылған, себебі, әр жолының мәні мен тәрбиесінің маңызы зор. Тарих қойнауына шеккен шынайы сапар секілді, өткенді зерделеп, бүгіннің өзекті сұрақтарына жауап қатумен қатар түрлі тығырықтан шығатын нақты амал-тәсілдер ұсынатын, сонымен қатар, болашаққа арналған батыл армандарға да қол создыратын терең ойдың жемісі.

Туындыда тәуелсіздік тағдыры, ел мен жер, тіл мен дін, қандастарымыздың елге оралуы, саясат тұғыры секілді күрделі, заманауи өзекті тақырыптар қозғалады. «Отбасы – Отан тірегі» деп Елбасы отбасы мәселесін ерекше атап, арнайы бөлім арнағаны үшін алғыс айтамын. Еңбектің, әсіресе, ел болашағы – жастардың санасын биіктетіп, өресін кеңейтіп, жан-жақты біліммен сусындату жолында ақылшы құрал болатындығы сөзсіз.

Төрегелді Шарманов,

академик

Алматы

 

Толғамы кең туынды

Елбасының «Ұлы Дала ұлағаттары» тақы­рыбымен газетте жарияланған жаңа туындысын толықтай оқып шықтым. Үлкен әсерге бөлендім.

«Міне, Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толған торқалы кезеңге келдік. Бұл аз уақыт па, әлде көп пе? Неден бастадық, қай жерге жеттік? Осының бәрін тыңғылықты таразылап, бағасын берер шақ келді. Болғанға байыпты баға беру – байырғы әдетіміз», – деп бастайды Мемлекет басшысы туындысының алғысөзін.

Шүкір, бүгінге дейін көрмеген қиындығымыз, ауыртпалығымыз, қиянатымыз аз болмаса да, жаңа ғасырдың табалдырығын аттар тұста маңдайымызға азаттықтың ақ таңын көруге жазыпты. Міне, содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтіп, осы бір шуақты шақта мұқым жұрттың мерейін өсірген іргелі, ізгі, ілкімді істер жалғасын тауып, барлығымыз да толайым табыстың жарқын жобаларын тамашалап жүргеніміз зор қуаныш.

«…Осынау ширек ғасыр ғана тәуел­сіздік жылдарында небір оқиғаларды бастан кештік. Қилы кезеңдер мен бейтаныс бөгеттерді басып өтіп, өз жолымызды табуға ұмтылдық. Бұл тұрғыдан келгенде, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы алдағы күнге алып баратын туымыз, ұранымыз әрі құралымыз болды. Біз жалпыұлттық мақсатқа жұдырықтай жұмылып, бірігіп, бірлесіп ұмтылдық. Жаңа дәуірдің болмыс-бітімін ұлттық салт-дәстүрлеріміздің аясында заманауи сын-тегеуріндерге бейімдедік, мемлекет болып қалыптасудың өзіндік өрнегін тауып, мектебін қалып­тастырдық. Қазақта «Мен бітірдім дегенше, ел бітірді десейші» деген даналық сөз бар. Осы сөздің мән-мағынасын жаңа тұрпатты мемлекет орнықтыру ісінде жалпыұлттық тұтастық, халықтық қолдау, қоғам­дық тұрақтылық нәтижесінде жүзеге асырдық», – деп толғанады Елбасы.

Жаратушы иеміздің бізге жасаған жақсылығы – ешкімге кіріптар болмай­тын, алыс-жақынмен еркін қарым-қатынас жасай алатын егемен, азат, бостандық байрағын бекем ұстаған, берекелі тіршілік қазанын қайнатқан, келешегі жарқын, кемел істерге батыл қадам жасай білетін іргелі мемлекетке айналып келеміз. Төрткүл дүние біздің ізгі істерімізге оң бағасын беріп, кейбір өрелі өзгерістерді өнеге етіп, өздерінің тыныс-тіршілігіне кеңінен пайдаланып жатқанын да білеміз. Ойланып көрсеңіз, осының барлығы орайлы істердің жемісі екені даусыз. Қай кезде де біздің халқымыз «бірлік түбі – тірлік» екенін білді. Ауызбіршілік, ұйымшылдық, татулық, достық сондай жаңашыл бастамаларға жол ашып, тұғырымыздың биік, мақ­сатымыздың айқын, келешегіміздің жарқын болуына өз септігін тигізеді.

Қысқаша айтқанда, біз терең ойға жетелейтін, толғамы кең, талғамы биік тұщымды дүниені оқып, одан көптеген ойларды түсініп, өзіміздің тәуелсіз еліміздің туын көкте желбірете отырып, алда талай асқар асуларды, биік белестерді бағындыра беретінімізге көзімізді айқын жеткізе алдық.

Сейілбек ШАУХАМАНОВ,

Қызылорда облыстық Ардагерлер
кеңесінің төрағасы

 

"Егемен Қазақстан" газеті