Тележүргізуші Динара Сәтжанның Late Night Show жобасына қонақ болып келген Париж паралимпиада ойындарының чемпионы, парадзюдошы Ақмарал Науатбек мемлекет тарапынан белгіленген сыйақыны әлі алмағанын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Алтын медаль иеленген параспортшы сұхбат барысында қандай сыйлықтар алғанын тізбектеді. Ең алдымен Ақмарал Науатбек туған жері Жамбыл облысы Жуалы ауданының әкімдігі 5 млн теңге көлемінде сыйақы бергенін атап өтті.
Одан кейін параспортшыға Астана қаласының әкімдігі 3 бөлмелі пәтер сыйлағаны белгілі болды. Бірақ пәтердің кілті әлі берілмеген.
«Пәтердің кілті әлі берілген жоқ. Қандай тұрғын үй кешенінен берілетіні де белгісіз. Осы жылы беріледі деп үміттенемін», - деді Ақмарал Науатбек.
Одан бөлек спортшыға 30 млн теңге берілген.
Ал алтын медаль үшін мемлекет берілуі тиіс 250 мың долларды параспортшы әлі алмағанын айтты.
«Жақын арада аламыз деп ойлаймын. Олимпиада мен паралимпиада жүлдегерлеріне бұл сыйақы бір уақытта берілетін сияқты», - деді Ақмарал Науатбек.
Айта кетейік, паралимпиада ойындары 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Париж қаласында өткен болатын.