19 мам, 2022 сағат 21:44

Пара алып сотталған Ақтөбенің бас экологінің жазасы күшейтілді


400 мың теңге пара алып, өз қателігін мойындаған Нұржан Аққұл алғашында айыппұлмен құтылды. Кейін іс облыстық сотта қаралып, ол үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы облыстық экология департаментінің бұрынғы басшысы Нұржан Аққұлға қатысты істі қарады. 

Бұған дейін №2 Ақтөбе қалалық соты Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша Нұржан Аққұлды айыпты деп танып, 12 миллион теңге айыппұл салған болатын. 

Сонымен бірге мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырды.

«Сот алқасы қылмыстық істің қоғамда аса қауіпті екенін ескеріп, кәсіби маманның өз антын бұзғанын негізге алып, жазаны күшейтті. Сотталушының жасы мен бұрын сотталмағаны да ескерілді. Қазір ол 61 жаста. Оны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Өмір бойы мемлекеттік қызметте, Ұлттық банк саласында, квазимемлекеттік секторда еңбек ете алмайды», - деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енді.