10 нау, 2021 сағат 16:50

Пандемия мектеп оқушылары психикасы бұзылуының күрт өсуіне соқтырды

Коронавирус пандемиясы мектеп оқушыларының психикалық жай-күйінің бұзылу жағдайының айтарлықтай артуына алып келді, деп хабарлайды ORF телерадиокомпаниясы.

Дунай Кремс университеті мен Вена медицина университеті бірлескен зерттеу жүргізді, оған 3052 оқушы қатысты. Нәтижесінде балалардың 56%-ында депрессия белгілері бар екені анықталды. Оқушылардың жартысы мазасыздықты сезінеді, төрттен бірі ұйқының бұзылуынан зардап шегуде. Әрбір алтыншы оқушының (16%) күн сайын суицидтік ойлары болады екен. 

«Депрессия мен мазасыздық белгілерінің, сондай-ақ ұйқының бұзылуының жиілігі бес-он есе өсті және бұл үрдіс күшейе түсті. Сондай-ақ қазіргі уақытта суицидтік ойға бататын жастардың көп болуы алаңдаушылық тудырады», -дейді Дунай Кремс университетінің зерттеу жетекшісі Кристоф Пие.

Зерттеушілер пандемия кезінде мектеп оқушыларының смартфонға кететін уақыты едәуір артқандығына назар аударды. Оқушылардың шамамен жартысы телефонға күніне бес немесе одан да көп сағат жұмсайды. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда екі есе көп. 

«Психикалық ауытқулардың жиілігі ұялы телефонды күнделікті қолданудың көбеюіне байланысты артады», - деп атап өтті Кристоф Пие.