24 жел, 2020 сағат 15:19

Пандемия кезінде астаналықтарға қандай көмек көрсетілді?

Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина пандемия кезінде елордада қандай шаралардың жүзеге асырылғаны туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елдегі пандемиялық жағдайлар және карантин енгізілуіне байланысты қосымша шаралар қабылданды. Елордада 2 АЕК көлемінде азық-түлік және тұрмыстық заттар түрінде 209 мың отбасыға 3 рет мемлекеттік қолдау көмегі көрсетілді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Бір біргеміз» акциясы аясында «Nur Otan» партиясы мұқтаж жандарға 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетті», - деді Сәуле Нұрғожина Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының отырысында жасаған баяндамасында. 

Оның айтуынша, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандардың тізімі құзырлы органдармен бірлесіп жасақталды. 

«Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған бизнес өкілдері мен өзін-өзі қамтамасыз етуші азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 2 рет 42 500 теңге төлемақы жасалды. Жыл басынан бері 663 70 жұмыс берушінің өтініші қаралды. Сол секілді 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) алудың жаңа формасы енгізілді, елордада АӘК-ті 4062 отбасы немесе 18,6 мың адам алады», - дейді ол. 

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, өткен жылмен салыстырғанда биыл Нұр-Сұлтанда АӘК алатын отбасы саны 2,5 есеге азайған.