04 қаз, 2018 сағат 15:07

Өзекті мәселелерді желіде талқылау азаматтық қоғам дамуындағы қиындықтарды көрсетеді – Байменов

Сөз бостандығы, қауымдастық және жиын еркіндігі бар, тәуелсіз БАҚ дамыған қоғамдарда әлеуметтік желі адамдардың өз жақындары мен достарының арасында өмірінде болып жатқан оқиғалармен бөлісу алаңы рөлін атқарады. Ал әлеуметтік желілер қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау үшін пайдаланылса, онда бұл қоғамда балама пікір алмасу алаңдары мен ақпарат жеткізу құралдарының жеткіліксіздігін, азаматтық қоғам дамуындағы қиындықтарды көрсетеді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқару комитетінің төрағасы Әлихан Байменов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бұған дейін бизнесті дамытуда мемлекеттік - жеке меншік әріптестікті айтып келсек, қоғамды дамытуда мемлекеттік - азаматтық әріптестікті айту керек. Өздері көтерген өзекті мәселелерді шешуде азаматтық ұйымдар мемлекеттік органдардың әріптесі бола алады. Бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілер азаматтық қоғам белсенділерін ел жанашырлары ретінде қарап, бағалауы маңызды. Себебі қара қан бастың қамынан биіктеп, жайлы өмір ағынынан бас тарта отырып, елде туындаған өзекті мәселелерді қоғамдық негізде көтеріп жүрген азаматтардың ішкі қозғаушы күшін өткен ата-баба әруағы мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, өз еліне деген сүйіспеншілік деп түсіну керек. Өз халқын шексіз сүйгендіктен де ұлы Абай өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтергені баршамызға мәлім. Сондықтан да рухани жаңғыру мен қоғамдық сананы модернизациялау ісінде мемлекеттік қызметшілердің азаматтық белсенділерді ел жанашырлары деп қабылдап, оң көзқарасын қалыптастыру – маңызды іс», - деді Байменов.

Ол көп жағдайда азаматтық ұйымдар өздері көтерген мәселелерді шешу үшін тиісті деңгейдегі ресурстарға мұқтаж екенін атап өтті.

«Оларға жәрдем көрсету ісінде халқымыздың құрамындағы орта тап пен орта, шағын және мемлекеттік сатып алуларға тәуелсіз бизнестің дамығаны маңызды. Расында, экономика құрылымдары секілді азаматтық қоғам ұйымдарының көшбасшылары да мемлекеттік тапсырыс бойынша туындап, өспейді. Оның дәлелі ретінде кеше ғана бір мақалаға жауап ретінде менің жазғаным бар еді. Amazon, Facebook, Google, Apple – әлемдегі ең үздік компаниялар. Олар мемлекеттік тапсырыспен өскен жоқ, мемлекеттік тендер ұтып алу арқылы қалыптасқан жоқ. Қайта бұл компаниялар нарықтағы өз орнын алған соң барып мемлекеттік органдар олардың өнімдеріне мұқтаж бола бастады. Сол себептен мемлекеттік гранттардың мақсаты не, олардың өрбуінде қандай тазалық, адалдық болуы керек деген мәселе тұжырымдамада өзінің нақты жауабын табуы керек деп ойлаймын», - деді мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқару комитетінің төрағасы.

Оның айтуынша, шағын, орта бизнесті, азаматтық ұйымдарды қарқынды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, заң үстемдік жасайтын адал және тең бәсекелестік ортаны қалыптастыру мемлекеттің негізгі мақсаты болуы тиіс. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар олардың бастамасына оң көзқараспен қарап, шек қоймай, керісінше барынша қолдау керек.

«Азаматтық белсенділікті жүзеге асыру жаңа технологияларды пайдалануды қажет етеді. Сөз бостандығы, қауымдастық және жиын еркіндігі бар, тәуелсіз БАҚ дамыған қоғамдарда «фейсбук» желісі Цукерберг айтқан рөлді атқарады. Ал егер әлеуметтік желілер қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді талқылау үшін пайдаланылса, онда бұл қоғамда балама пікір алмасу алаңдары мен ақпарат жеткізу құралдарының жеткіліксіздігін, азаматтық қоғам дамуындағы қиындықтарды көрсетеді. Яғни бұл азаматтық қоғамның дамуының барометрі немесе лакмус қағазы деп айтуға болады. Елбасы әлемдегі 30 елдің қатарына қосу межесін қойды. Егер мұқият қарасаңыздар сол 30 елдің басым көпшілігін біріктіріп тұрған ерекшелік ол – дамыған азаматтық қоғам. Осы тұрғыдан алғанда келешек тұжырымдамада және өздеріңіздің істеріңізді бағалауда «сирикус» индексіне назар аударғым келеді. Заң мен тұжырымдамалар өскелең адамға пішілген киім секілді, ол адамның, қоғамның өсуін қамтамасыз етіп, алға қарай қимылын шектемеген абзал. Бұл – біздің барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз, осы істе барлықтарыңызға табыс тілеймін», - деп сөзін түйіндеді ол.