25 мам, 2017 сағат 07:50

Өзбекстандағы қазақ қария: "Арманым – қазақ болып өлу!.."

Тағдырдың сан талқысымен, ғасырлар шаңдағында адасып, ғаламға шашылған қазақы қанды бауырларымыз бүгіндері 42 елде тұрады екен. Солардың бір парасы һәм көп бөлігі Өзбек елінде ғұмыр кешіп отыр.

«Алаш жолымен» деп аталған ғылыми-танымдық экспедициясының тобында Ташкентке жасаған сапарымызда біраз жайларға қанығып, көптеген қандастармен кездесіп, сұхбаттасудың орайы түсті.

86 жастағы қария Еркінқұл Мәуленқұлұлы басындағы қилы тағдырлар жайлы қысқаша әңгімелеп берді. Әсіресе, өзінің және өзі сияқты мыңдаған қандастың құжаттарында ұлты деген анықтамаға «өзбек» деп жазылып кеткенін, енді оны қайда барса да өзгерте алмай жүргенін айтып, налыды:

«Бабаларымыз Қарқаралы өңірінен келген дейді. Өз әулетімізді таратсақ, Көшкінбай, Көшкінбайдың баласы Ахметқұл, Ахметқұлдың баласы Мәуленқұл, Мәуленқұлдың баласы мен, Еркінқұл болып келеді. Ташкент іргесіндегі Қашқар махалласында туып-өскенмін. Өзбек мектебін оқып, кейін орысша жалғастырдық», - деп бастады әңгімесін қария.

Ташкент университетін топография мамандығы бойынша бітірген ол сонда жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген.

«Қызым дәрігер, ұлым менеджер, ол «Политехті» қызыл дипломмен бітірген», - дейді шалғайдағы қандасымыз.

Ташкенттен жер алып, үй салған. Кейін КСРО ыдыраған жылдары көпқабатты үйге ауысып, күні бүгінге дейін жұбайымен бірге сонда тұрып жатыр.

«Ташкентте 1960 жылдары бізге жер берді. Сол кезде там соғып, сонда өмір сүрдік. Оны кейіннен 90-шы жылдары қабат үйге ауыстырып алдық. Қазір кемпірім екеуіміз пенсияда, ол 82 жаста, бірқалыпты өмір сүріп жатырмыз», - дейді Еркінқұл ата.

Осы орайда алыстағы қандасымыз көкейіндегі күйінішімен бөлісті. Айтуынша, құжатына ұлты «өзбек» деп көрсетілген. Енді қазақ екенін дәлелдеу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмапты.

«Мұнда бізге ең ауыр тиіп жүргені – барлық құжаттарымызда ұлты «өзбек» деп жазылған. Әкелеріміз жақсы білетін еді, біз ол кезде жас баламыз, білмейміз, бәрімізді «өзбек» деп жазған. 1922-24 жылдары Ташкентке таласқанда солай болған дейді. Мұнда тұратын бәлен мың қазақтың ұлты солай ауысып кеткен. Бәлкім, бұл да сол большевизмнің «секреті» болса керек», - дейді қария.

Қазақстанда туыстары бар екен. Орайы келгенде қонаққа барып, қатынап тұрамыз дейді.

«Қазақ Елінде туыстарым, жиендерім бар. Шардарада әкемнің інісінің баласы тұрады. Оларға да сәлемдесіп, барып-келіп тұрамыз», - дейді ол.

Осылайша, қысқаша өмірін баяндап берген атамыз қалған өмірінде бар арманы - қазақ деген ұлты өзіне қайтарылса екен дейді.

«Қысқасы, менің қазіргі бар арманым – бұ дүниеге қазақ болып келген соң, арғы дүниеге де қазақ болып бару», - дейді ақсақал.

 

Ұларбек Дәлейұлы, baq.kz