25 жел, 2019 сағат 11:40

Өзбекстанда билік ақпарат құралдарын тіркеуді жеңілдетті

Өзбекстанда бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеуден өткізу үшін ақпарат және коммуникация агенттігіне тікелей өтініш тапсырудың қажеті жоқ. Бұдан былай БАҚ мемлекеттік қызмет көрсету орталығы арқылы тіркеле алады. Бұл ақпаратты Өзбекстанның ақпарат және коммуникация агенттігіне сілтеме жасаған Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы) хабарлады.

Жаңа ереже бойынша, өтініш беруші мемлекеттік қызмет көрсету орталығы немесе мемлекеттік қызмет бойынша бірыңғай порталға барып, арнайы өтініш формасын толтырып, редакция жарғысы, құрылтайшылар келісім-шарты сияқты құжаттарды тапсыра алады.

Бұрын БАҚ-ты тіркеу үшін 30 күн уақыт берілсе, қазір ол мерзім екі есеге азайған.

Бақылаушылар Өзбекстанда 2016 жылы Шавкат Мирзияев президент болып сайланғаннан кейін елдегі сөз бостандығы ахуалы бұрынғыдан аздап жақсара бастағанын айтқан.

Тұтқындағы бірнеше журналист бостандыққа шығып, кей ақпарат құралдары азаматтарды мақта теруге мәжбүрлеу сияқты бұған дейін қозғамай келген көкейкесті тақырыптарды жаза бастаған. Алайда елде цензура әлі де басым, ал билік ақпарат құралдарын заңсыз бақылауды жалғастырып отыр дейді құқық қорғаушылар.