06 сәу, 2021 сағат 12:08

Өзбекстанда алғашқы оппозициялық партия президент сайлауына түсетінін мәлімдеді

Өзбекстанның "Эрк" (Ерік) оппозициялық партиясы қазан айында өтетін президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. 

"Өзбекстан тарихында тұңғыш тәуелсіз партия атанған, 1991 жылы ресми түрде тіркеліп, содан бері қысым мен құқай көріп келе жатқан "Эрк" демократиялық партиясы алдағы президент сайлауына кандидат ұсыну туралы шешім қабылдады" делінген партияның 5 сәуір күнгі мәлімдемесінде. Хабарлама uzerk.org сайтында жарияланды. 

Партия өкілдерінің айтуынша, Өзбекстан орталық кеңесіне саяси ұйымның екі мүшесі ( Саловат Омирзаков және Джахонгир Атаджанов) өздерін кандидат ретінде тіркеу туралы өтініш беріп қойған. Орталық кеңес өтініштерін әлі қарастырып жатыр.

Былтыр өзбек үкіметі "Эрк" партиясына жұмысын жандандыруға рұқсат бермеген. Партия дүйсенбілік мәлімдемесінде биліктің тәуелсіз партияларды тіркеуге кедергі жасап отырғанын сынаған. 

"Эрк" демократиялық партиясы – Өзбекстанда ресми түрде алғаш тіркелген саяси бірлестік. Оны танымал өзбек ақыны Мұхаммед Салих құрған. 

1991 жылғы президент сайлауы кезінде Салих сол кездегі басшы Ислам Каримовтің жалғыз әрі басты қарсыласы болған. 

Бақылаушылар сол кезде сайлаушылардың басым бөлігі – шамамен 50 пайызының Мұхаммед Салихқа дауыс бергенін айтқан. Бірақ орталық сайлау комиссиясы оппозициялық саясаткер 12 пайыздан артық дауыс жинай алмады деп мәлімдеген. 

Сайлаудан кейін Салихтың жақтастары ұйымдастырған студенттер шеруі күшпен таратылып, оппозициялық басылымдар жабылған. Оппозиция жетекшілері үстінен қылмыстық іс қозғалған. Соның салдарынан оппозициялық саясаткерлер бірінен соң бірі елден кетуге мәжбүр болған.

Мұхаммед Салих Өзбекстаннан 1993 жылы кеткен. Ол 26 жылдан бері Түркияда тұрады. Каримов тұсында ол "террорист" ретінде танылып, халықаралық іздеу жарияланған. Өзбекстандағы туыстары қудаланған. 2017 жылы Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін Салих Интерпол тізімінен алынған.

Ол сол жылы президент Мирзияевті қолдап, видеомәлімдеме жасағанмен кейінірек жаңа президенттен көңілі қалғанын айтқан. "Үш жыл популизммен босқа кетті. Қазір Мирзияев Каримовқа ұқсайтын популистке айналды. Саяси салаға ешқандай өзгеріс әкелмеді" деп мәлімдеді ол "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында.

Азаттық