03 сәу, 2021 сағат 11:07

Өзбекстан денсаумині: Екі вакцинаның бірін таңдау мүмкіндігі беріледі

Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі ел астанасы – Ташкенттегі вакциналау пункттерінде 65 жастан асқандарға және коронавирус жұқтыру қаупі жоғары орындарда жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне вакцина салу науқаны басталғанын хабарлады, деп жазады Азаттық.

Вирус жұқтыру қаупі жоғары топқа коронавируспен ауырғандарды емдейтін орын, жедел жәрдем, инфекциялық аурухана, коронаавирус диагнозын зерттейтін зертхана, алғашқы медициналық-санитарлық қызмет көрсету орны сияқты мекемелердің қызметкерлері жатады.

Бұған қоса созылмалы дерті бар азаматтарға, мектеп және мектепке дейінгі мекеме өкілдеріне, қарулы күштер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне бірінші кезекте екпе салынбақ. 

Азаматтарға AstraZeneca ағылшын-швед компаниясы мен Оксфорд университеті бірігіп жасаған AstraZeneca (2 дозалы) және Өзбекстан мен Қытай бірлесіп шығарған ZF-UZ-VAC2001 (3 дозалы) вакциналарының бірін таңдауға мүмкіндік беріледі. Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, азамат вакцинаның тек бір түрін ғана соңына дейін еккізуі керек. Вакцина салу ерікті түрде жүргізіледі.

Өзбекстан үкіметінің жоспары бойынша, сәуірде Ташкент пен Қарақалпақстан астанасы – Нүкістегі және облыс орталықтарындағы 219 вакциналау орталығында 142,3 мың адамға коронавирус екпесі салынбақ.

Ел аумағында 3138 вакцина егу пункті ашылған, 862 мобильді бригада жұмыс істейді.