10 қаң, 2021 сағат 06:37

Өз таңдауымды жасадым – тіл жанашыры Асылы Осман

Алматыда №64 сайлау учаскесінде белгілі қоғам қайраткері, мемлекеттік тілдің жанашыры, «Достық» және «Парасат» ордендерінің иегері Асылы Осман дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен осы елдің азаматы болған соң, оның Заңына бағынамын. Отанымды, халқымды жақсы көремін, сыйлаймын. Сондықтан да ерте келіп дауыс беріп жатырмын. Өз таңдауымды жасадым. Тек дауыс берген партия өздері берген уәделерін орындаса екен», - дейді Асылы Осман.

Тіл жанашыры Қазақстан халқы үшін дауыс беру аса маңызды екенін атап өтті.

 

«Сайлаудың маңызы зор. Өйткені, халық оларға үлкен сенім артады. Ал қазақта «сенім сең бұзады» деген бар. Сол сенімді ақтаса екен. Адам дүниеге адам болып келгеннен кейін, ол елін, жерін жақсы көруі керек. Мен қазақстандықтарды дауыс беруге шақырамын. Әр адам елдің дамуына өз үлесін қосу қажет деп ойлаймын. Сонда ғана Қазақстан ары қарай дамиды, көркейеді», - дейді ол.