17 мау, 2024 сағат 15:26

"Ойжұмбақ-2" мультфильмі не туралы?


Қазір Қазақстанның кинотеатрларында "Ойжұмбақ-2" мультфильмі жүріп жатқаны белгілі. Анимациялық фильмді көргендер оның терең мағынасы туралы айтып жатыр. 

Disney мен Pixar-дың жаңа туындысы 13 маусымда прокатқа шыққан болатын. Мультфильмнің қазақша дыбыстамасы кинотеатрда орыс тіліндегісінен әлде қайда аз көрсетіліп жатқанына қарамастан, алғашқы күні-ақ қазақша нұсқасы көрілім жағынан рекорд орнатып, табысы 10 миллион теңгеден асты. Сөйтіп "Ойжұмбақ-2" былтыр рекорд орнатқан "Аватар: Су жолы" анимациялық фильмінің алғашқы аптада тапқан табысынан үш есе көп болып шықты. 

Анимациялық фильм көрерменді несімен қызықтырды?

Фильмнің басты кейіпкері Райли жасөспірім шаққа келгенде пубертатты жастағы өзгерістер бойынан біліне бастайды. Ол тез ашуланып, тез қайтады. Өзіне сенімсіздік, ұялшақтық пен үрей күшейе түседі. Фильмде Райлидің ішінде жатқан эмоциялары бір-бір кейіпкер ретінде көрсетіледі. Эмоциялар тобын алғашында Қуаныш атты кейіпкер басқарады. Кейін Райлидің пубертатты жасына сәйкес жаңа эмоциялар қосылып, олардың арасында тайталас басталады. Ақыры Райлидің бойын үрей билеп алады да, көптеген қателіктерге бой алдырады.

Мультфильм адам жанының күрделі екенін, әсіресе жасөспірім шақтағы ішкі тайталасты ашып көрсеткен. Жағымды да, жағымсыз эмоциялардың барлығы бізге - дос. Олармен үйлесімде өмір сүру арқылы ғана өз болмысымызды танитынымыз айтылады.

Мультфильм отбасымен көруге арналған. Балалар бұл фильмнің шиеленіскен оқиғалары мен күлкілі эпизоттарына мән берсе, ересектер жасөспірімдердің ішкі күйінде не болып жататынын түсінгендей болды.  

Айару. 10 жаста

Маған Қуаныш деген кейіпкер ұнады. Ол әрқашан позитивті және сүйкімді. Сосын, Ұят деген кейіпкер ұнады. Оның ұялып, жерге бүркеніп жата қалатыны сондай күлкілі болды. Бірақ Үрейдің пультты басқара алмай қалған сәті қорқынышты.


Гүлнәр. 39 жаста

 Мен өзім Disney-дің мультфильмі қазақ тіліне дыбысталыпты дегенді естігенде бірден қызымды алып келуді ойладым. Себебі қазір балаларға арналған контент көбіне орыс тілінде ғой. Балаларымыз көбінесе орыс тілді контентті тұтынады. Мультфильмнің қазақша аудармасы да, дубляжы да маған қатты ұнады. Одан бөлек, мультфильмді көріп отырып, өзімнің жасөспірім балаларым еске түсті. Олар да Райли сияқты эмоцияның жетегінде жүр ғой. Олармен енді абайлап сөйлесейін деген ойға келдім.


Гүлнәр бұл жай ғана кезекті дубляждардың бірі емес, қазақ тілінің елімізде дамуына үлес қосу деп санайды.

"Ойжұмбақ-2" Disney компаниясы өз есебінен қазақ тіліне аударып, дыбыстаған алғашқы мультфильм екенін айта кету керек. Компания бұдан бөлек "Моана 2", "Муфаса: Арыстан патша" анимациялық фильмдерін өз қаражатына мемлекеттік тілге аударып отыр. Егер осы мультфильмдердің көрілімі жақсы болса, Disney студиясы бұдан кейін де туындыларын қазақ тіліне аударып шығаратын болады. 

Айта кетейік, "Ойжұмбақ 2" кейіпкерлерін әнші Жұлдыз Төлепберген мен Ninety One тобының солистері Батырхан Мәлік пен Азамат Ашмақын қазақша дубляждаған.