Фото: hightech.fm
4 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов баяндама жасап, онда арзан, бірақ науқастарға қажет дәрілер тіркеуден өтпей қалатынын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
"Дәріні тіркеу үшін, өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек. Әрине мұндай қиындықтардан өту, тек алпауыт фармацевтикалық компаниялар және қымбат препараттар үшін мүмкін. Нәтижесінде, арзан, бірақ науқастар үшін ауадай қажет дәрілер тіркелмей қалады. Өйткені ол үшін жүгіретін ынта да жоқ, қызығушылық та жоқ", - дейді депутат.
АсхатАймағамбетов оған мысал келтіріп, арзан дәрілер Қазақстанда тіркелмегендіктен дәрігерлер антибиотиктерді тағайындауға мәжбүр екенін жеткізді.
"Мысалы, Қазақстанда пенициллиннің ішетін түрі тіркелмеген деп фармакологтер айтуда. Неге? Өйткені ол тым арзан, ешкім өтінім бермейді және ешқандай қызығушылық жоқ дейді эксперттер. Осының кесірінен, дәрігерлер бірден кең ауқымды антибиотиктерді тағайындауға мәжбүр дейді дәрігерлер", - дейді ол.
Депутаттың сөзінше дәл осындай жағдай, көптеген базалық дәрілер бойынша қайталанады: олар тізімде жоқ, сондықтан біз оларды қолданып, емделе алмаймыз. Олар арзандылығына байланысты индустрияға да қызық емес.
Айта кетейік, бүгінг Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне аудит жүргізу» тақырыбындағы Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы Төрағасының есебі жөнінде өтті.
