12 жел, 2018 сағат 23:29

Отырарда «Шәмші саябағы» ашылды

Бүгін Отырар ауданында ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай «Шәмші саябағының» ашылу салтанаты өтті. Аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне арналған саябақта атақты композитордың құрметіне еңселі ескерткіш те бой көтерді.

Саябақтың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов ауыл тұрғындарын Тәуелсіздіктің 27 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтап, еңселі ескерткіштің лентасын қиды.

«Құрметті отырарлықтар! Сіздерді бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап, қол жеткізген Тәуелсіздік күнімен және «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне арналған саябақтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде егемен еліміз күн санап көркейіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елдермен иық тіресе, рухани жаңғыру жолына түсіп келеді. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” атты мақаласының “Туған жер” бағдарламасында Отанымызды көркейтіп, қазақстандықтардың жағдайын жақсарту үшін көптеген жұмыстарды атқару керек екенін атап көрсеткен болатын. Осы бағытта ауданымызда бірнеше ауқымды жұмыстар жұмыстар атқарылып келеді. Мұның бәрі Тәуелсіз мемлекетіміздің бейбіт күндерде қол жеткізген жетістіктері деп білемін. Бар қазақты әсем әнімен әлдилеп, өнер көкжиегін сырлы әндерімен көмкерген сазгер атындағы саябақ ауыл тұрғындары мен оның қонақтары үшін тамаша демалыс орны болмақ. Еліміздің ең басты байлығы, ең асыл қазынасы-ол халқы. Сол халықтың салауатты, әрі рухани күш-қуатқа бай болып өмір сүруі үшін осы секілді саябақтар қызмет ете береді деген сенімдемін», - деді аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда ғана жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Ұлы дала есімдері» атты бөлімінде «Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек»,- деп әр өңірден шыққан ұлы есімдер мен ұлы тұлғаларды дәріптеп, келешекке өнеге етіп отыруды ерекше атап өкен болатын. Бүгінгі шара да осы бағытта атқарылып жатқан игі істердің бірі деп білеміз.

Шара барысында мемлекеттік гимн авторларының бірі, «Қазақ вальсінің королі» атанған атақты композитордың құрметіне арналған саябақ пен еңселі ескерткіштің лентасы қиылып, ауыл қариялары жүрек жарды лебіздерін айтып, ақ баталарын берді. Одан әрі салтанатты шарада ұлы сазгердің балалық шағынан көріністер қойылып, қазақ даласын әнмен тербеткен сазгердің әндері шырқалды. Саябақты аралап, қазақтың әр баласының жүрегінен жол тапқан әуезді әндерді қосыла шырқаған көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі