02 қар, 2017 сағат 08:35

«Өткеннiң өнегесi – бүгiнгiнiң баға жетпес байлығы» облыстық семинары өтті

Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесi Отырар ауданында «Өткеннiң өнегесi – бүгiнгiнiң баға жетпес байлығы» тақырыбымен облыстық семинар өткiздi, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негiз болған семинарға Отырар ауданы әкiмiнiң орынбасары Пердехан Жаппарқұлов, өңiрдегi барлық аудан және қала ардагерлері кеңесiнiң төрағалары мен әжелер алқасының төрайымдары, iшкi саясат және жастар орталықтарының басшылары, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi, жастар, мектеп оқушылары һәм ұстаздар қатысты.

Жиынды облыс әкiмiнiң жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» форумының хатшысы, жазушы Мархабат Байғұт жүргiздi.

Облыстық ардагерлер кеңесi төрт жылдан берi «Ата-баба дәстүрi ұрпаққа аманат» бағдарламасының аясында «Отанды сүю – ұрпаққа аманат», «Бiлiмдi ұрпақ – мемлекет тiрегi», «Әже – отбасының ұйытқысы» тақырыптарымен аудан, қалаларда, шалғай елдi мекендерде түрлi кездесулер, «дөңгелек үстел» мәжiлiстерi, кеңестер өткiзiп келедi. Ал, бүгiнгi шараның мақсаты – Елбасының рухани жаңғыру мақаласын негiзге алып, халықтың ұлттық санасын, төл тарихын, мәдениетiн, салт-дәстүрiн, әдебiн жаңаша тұрпатта қайта түлетуге атсалысу. Сөйтiп, Мемлекет басшысы алға қойған мiндеттерiн iске асыруға үлес қосу.

Салтанатты жиын соңында ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Ж.Мәуленқұлов облыстық ардагерлер кеңесi төралқасының шешiмiмен «Ел ағасы» деген аталымның тағайындалғандығын және ол аталымның жылына бiр рет ел iшiндегi бiрлiк пен ынтымақтың, татулықтың ұйытқысындай болған аға буынға берiлетiндiгiн хабарлады. Жаңа аталымның алғашқы иегерлерi болып жазушы Еркiнбек Тұрыс, соғыс ардагерi, жазушы Әдiһам Шiлтерханов, спорт саласының майталманы Махамбет Сапарбаев, Мақтаарал ауданының құрметтi азаматы, тыл еңбеккерi Тайырхан Досаев танылды.