10 қыр, 2020 сағат 13:06

Өткелде сынған К-700 тракторын пойыздың келуіне 15 минут қалғанда шығарды

Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданында теміржол өткелінен өтіп бара жатқан трактор сынып, бір сағатқа жолды жапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 9 қыркүйек күні сағат 21.05-те болған. Аққайың аудандық полиция бөліміне Қиялы мен Смирново елді мекендерінің арасындағы «Жаңажол» теміржол өткелінде К-700 тракторының сынып тұрғаны жайында хабар түседі. 

Трактордың рулінде аудандағы ЖШС бірінің 38 жастағы тракторшысы екі тіркеме бидайды аудан орталығына апара жатқан. Алайда теміржолды кесіп өткен кезде тіркемесінің бірінің

артқы доңғалағының шүлдігі (ось) сынып кеткен. Салдарынан сынған шүлдік өткелдің резеңке жабындысына кіріп, трактордың қозғалуына кедергі келтірген. 

«Теміржолдың дәл осы учаскесі арқылы жолаушылар пойызы жиі өтеді. Сол себепті тез арада жолды босату қажет болды. Теміржолшылар, шаруашылық жұмысшылары К-700-ді сүйреп шығарып жатқанда, тәртіп сақшылары жол қозғалысының қауіпсіздігін қадағалады. Сағат 22.10 минут кеткенде трактор жолдан алынды, ал 15 минуттан кейін ол жерден еш кедергісіз «Алматы-Петропавл» бағытындағы 15- пойыз өтті», - дейді полицейлер. 

Теміржолшылар өткелдегі зақымдалған резеңке жабындыны ауыстырды. Ал тексеру барысында К-700 тракторы жүргізушісінің көлікті басқаруға рұқсат беретін құжаттары болмай шықты. 

Тәртіп сақшылары оған теміржол өткелін зақымдағаны үшін де әкімшілік іс жинап, материалды сотқа беруге әзірлеп жатыр.