Облыс орталығындағы электродтар шығаратын жаңа зауыт жақында ғана ашылды.
Зауыт мамандарының айтуларынша, бұған дейін жергілікті кәсіпорындар дәнекерлеуші электродтарды Қытайдан сатып алып жүрді. Қазір зауытта 30 жаңа жұмыс орны ашылды. Өндірістегі құрал-жабдықтарды мәскеулік «Ротэкс» компаниясы орнатып беріпті. Компания зауытта жобаны әзірлеу, реттеу жұмыстарымен айналысып, енді техникалық қолдау көрсетуде. Кәсіпорын бір ауысымда 2 тоннаға дейін электрод шығара алады. Электрод жасайтын сым темір, сыртын қаптайтын күкіртті жабындылар Ресейден әкелінеді екен. Кесілген сымдар арнайы құрылғы арқылы өткен кезде күкіртті жабындыға оралып шығады. Дайын электродтар арнайы жәшіктерде кептіріледі. Мамандардың айтуынша, бұл құрылғылар 1 минутта 120 дана электрод сымын дайындап шығаратын көрінеді. Тіпті, дәнекерлеу жұмысына қажетті электродтардың бір емес, бірнеше түрін де шығаруға болады. Ал «Электрод зауыты» серіктестігінің техникалық директоры Айдар Машраповтың айтуынша, электродтарға өзіміздің өңірден, Ресейден де сұраныс аз емес. Сондықтан, осы бастаған жұмыстары жақсы қарқын алып кетсе, жыл соңына дейін 40 тонна, 2017 жылдың алғашқы тоқсанында 70 тонннаға дейін дәнекерлеуші электродтармен жергілікті өндіріс орындарын қамтамасыз етпекші. Павлодардың электроды ресейлік және жергілікті зауыттарда да сынақтан өтіп, жақсы бағасын алыпты. Ал әрине, «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар отандық өнімнің нарыққа жол тартуы бәріміз үшін қуаныш. Айдар Машраповтың айтуынша, электрод жасау оңай емес, мамандарға білік пен техникалық білім керек. Сондықтан, қазір өзі бастап біліктіліктерін шыңдап, қосымша білім алуда. Ресейдің өндіріс орындарында болып, біраз нәрсе үйреніп қайтыпты. Бастысы, өзгеге тәуелділіктен құтылу, өз өнімдерімізді өз жерімізде шығаруға үйрену. Ал электрод Ақсу мен Екібастұздағы энергетикалық кешен, машина жасау, металлургия, мұнай-газ, тау-кен өндірісімен айналысатын кәсіпорындарға аса қажет. Қазіргі кезде өңірдегі «Промтехстрой» ЖШС, «Имсталькон» ЖШС, «ПРЭК» АҚ, «САЭМ ЗМК» ЖШС-мен электродтарды өткізу келісімшарттарына қол қою жоспарлануда. Зауытта электродтардан бөлек сұйық шыны шығаратын желіні іске қосу жобасы да қолға алынбақшы. Сұйық шыны болаттан жасалған өнімдерді дәнекерлеу үшін қажет көрінеді. Басты серіктестері – Ярославль электрод зауыты.
– Ал біздің бәсекелесіміз әрине, қытайлық кәсіпорындар. Сондықтан, басынан бастап сапалы электрод шығару басты талап. Өйткені, олардың электрод шығаруда тәжірибелері мол. Бүкіл нарықты қамтып отыр. Тұтынушылар назарын енді жергілікті электродтарға аударуымыз керек, – дейді ресейлік зауыт өкілі А.Росликов.
Елімізде шағын және орта бизнес даму үшін жаңа кәсіпорындардың көптеп ашылуы қажет. Жұмыссыздық азаяды. Өндіріске жастар келеді. Жаңадан электрод зауытының ашылуы өңірде ел экономикасының дамуына үлес қоса алатын кәсіпорындардың, кәсіпкерлердің көбейіп келе жатқанын көрсетеді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы
Суретті түсірген
Валерий БУГАЕВ