08 жел, 2020 сағат 11:20

Өтемұратовтың компания қызметкерлеріне арнап жазған хаты жарияланды

 

7 желтоқсанда интернетте жақында ғана Ұлыбритания соты активтерін бұғаттаған "Верный капитал" компаниялар тобының негізгі акционері Болат Өтемұратовтың компания қызметкерлеріне арнап жазған хаты жарияланды. Хатта автор БТА банк шағымы бойынша компания активтеріне шектеу қойылғанын өткен апта соңында ғана естігенін жазған.

"Өткен аптаның соңында БТА банктің талап арызы бойынша "Верный Капитал" тобының компанияларындағы үлесті иеленуге қатысты шектеу енгізу туралы ағылшын сотының құжаттарын электронды пошта арқылы алдық. Шынымды айтайын, шок болдым. Дереу мәселенің мән-жайын анықтай бастадық. Заңгерлер сот шешімінің жалған құжаттарға сүйеніп шығарылғанын растады. Қазір сот шешімінің күшін жою үшін талпынып жатырмыз, бірақ оған біраз уақыт керек және мәселе жақын арада шешіледі деп сенемін. Сот процестері жүріп жатқан шақта ресми түрде мәлімдеме жасамаймын. Барлық компаниялар қалыпты режимде жұмыс істей береді" делінген 6 желтоқсанда жазылған хатта.

Хатта автор мұның бәрі "менің беделіме және компания атына нұқсан келтіріп, бизнесіме зиян тигізу үшін жасалып отыр" деп тұжырым жасаған.

Айта кетейік, өткен аптада Ұлыбритания соты БТА банктің өтініші бойынша Өтемұратовқа тиесілі бес миллиард долларлық активті бұғаттағаны белгілі болды. 

Wall Street Journal (WSJ) басылымының мәліметінше, "БТА" басқалармен бірге бизнесменді де "банктен ұрланған ақшаны жасыруға көмектесті" деп айыптаған.

30 қарашада Өтемұратовқа тиесілі "Адал капитал" компаниялар тобы бұл хабарламаға қатысты жауап берді. Олар "БТА Банкі" АҚ бұл талап арызды бастапқыда 2015 жылы Мұхтар Әблязов пен Ілияс Храпуновқа бағыттағанын түсіндірді.

"Жауапкерлер тізімінің кеңеюіне сәйкес, олардың құрамына 2020 жылдың қарашасында Болат Өтемұратов және оның бизнес құрылымына кіретін бірқатар адам қосылды. Бұл талапты қоюға "БТА Банкі" АҚ мен оның заңгерлері ұсынған жалған құжаттар негіз болды. Жақын арада талап арызға байланысты наразылық білдіріледі", - делінген "Верный Капитал" мәлімдемесінде.

Кейін компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов Facebook парақшасында қалыпты режимде жұмыс істеп жатқандарын жазды.

"Біз барлық активке иелік етуге қатысты шектеу шаралары туралы ағылшын сотының шешімін алдық. Бұл шектеулер Болат Өтемұратов акционері болып табылатын компаниялардың, оның ішінде банктер, қонақүйлер, телеком-операторлар, тау-кен өндіру компаниясы мен фаст-фуд мейрамханаларының операциялық қызметіне қатысты емес және оларға әсер етпейді. Активтерді тоқтату меншік иесінің өзі акционер болып табылатын компанияларды басқаруға қатысу құқығын шектемейді және бизнесті жүргізуге кедергі келтірмейді", - деп түсіндірді Оспанов.

Ол халықаралық адвокаттардың БТА банкінің талабына жауабы заңгерлерге жіберілгенін атап өтті. Шағым дайындалып жатыр. Компанияға сотта банк талаптарына наразылық білдіру үшін уақыт қажет.

"Forbes – Қазақстан" журналының мәліметі бойынша, Болат Өтемұратов Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарында төртінші орында тұр. Журналдың жазуынша, ол активтерінің көлемі бойынша Қазақстандағы ең ірі үштікке кіретін ForteBank-ті бақылайды (мамыр айындағы дерек). 2019 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, банк активтерінің ауқымы 2,07 миллиард теңге болған. Сонымен қатар оның тау-кен, мұнай-газ және телекоммуникация салаларында активтері бар.