Азаматтық авиацияны одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен отырыста инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандық әуе компанияларынан Еуроодақ елдеріне ұшуға барлық шектеулер алынып тасталды — бес отандық әуе компаниясы (Air Astana, SCAT, “Комлюкс”, “КазЭйрДжет” және Prime Aviation) Еуропаға ұшуға құқылы.
2017 жылғы 22-30 қараша аралығында ИКАО авиация қауіпсіздігі бойынша аудит жүргізген болатын, ол әуежайлардың қауіпсіздік жүйесін кешенді тексеруді көздейді. Алдын ала бағалау бойынша, ИКАО сарапшылары Қазақстанның едәуір ілгерілеуін атап өтті және ИКАО рейтингісінде көрсеткіштеріміз жақсарады деп күтілуде. Ресми нәтижелер 2018 жылғы 1 ақпанға қарай жарияланады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында саланы мемлекеттік реттеудің британдық үлгісіне көшу күтілуде (ескерту — 68 қадам). Бұл білікті инспекторлардың болуы бойынша ИКАО тапсырмасына сәйкес келуге және 80% ұшулардың қауіпсіздік деңгейі бойынша алға қойылған мақсатқа жетуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Министр пилоттық режимде 2017 жылғы маусымда «Экспо-2017» өткізу кезінде Астана және Алматы әуежайлары арқылы қазақстандық әуе компанияларымен транзитпен өтетін ҚХР азаматтары үшін 72-сағаттық визасыз режим енгізілгенін, ол 2018 жылдың соңына дейін ұзартылғанын еске салды. Транзиттік әлеуетті одан әрі дамыту үшін Үндістанның транзиттік азаматтары үшін сәйкес режим мәселесі пысықталуда.
Бүгінгі таңда Қазақстанда әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту іс жүзінде аяқталды — тәуелсіздік алған сәттен бері 15 ұшу-қону жолақтары мен 11 әуежай терминалы жөндеуден өтті. Шағын авиацияны дамыту үшін қатты жабынды 5 аэродром және топырақты жабыны бар 11 аэродромды салу және жөндеу қарастырылған.
«Барлығы 2017 жылы Қазақстан әуежайлары 14,2 млн жолаушыға қызмет көрсетті, бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 17% артық (ескерту — 12,2 млн жолаушы). Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау аясында Астана қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының жаңа терминалының құрылысы аяқталды, ол Астананы Орталық Азия аумағындағы өңірлік хаб ретінде дамытуға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.
Талқылау барысында «Эйр Астана» әуе компаниясының қызметі туралы мәліметті оның президенті Питер Фостер жеткізді.
Осы мәселені қорытындылай келе, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев азаматтық авиацияны дамыту мәселесі өте өзекті және маңызды екенін атап өтті. Бүгінде отандық азаматтық авиацияның инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілді. Премьер-Министр жағымды жағы ретінде 2018 жылы жолаушылар ағымының 800 мың адамға дейін ұлғаюы жоспарланғанын атап өтті.
Осыған байланысты Бақытжан Сағынтаев инвестициялр және даму министрлігіне өзге де мүдделі ведомстволармен бірге миллиард халқы бар Үндістан азаматтары үшін 72-сағаттық визасыз режим енгізу мәселесін қарауды тапсырды. Бұдан өзге, сәйкес мемлекеттік органдарға отандық монополияға қарсы заңнамаға қарсы келмеген жағдайда, әуежайлардың қызмет көрсету бойынша тарифтерін оларды төмендету тұрғысынан реттеу тапсырылды.
Тапсырмаларды орындауды бақылау Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.