Еліміз Ұлттық валюта күнін атап өтіп жатқан кезде мен алғаш рет өзіміздің банкнотымыз – теңгені көрген және қолымда ұстаған сәтімді еріксіз еске түсіремін. Шынымды айтсам, ол кезде теңге біз үшін тек сатып алушы мен сатушы арасындағы айырбас құралы ғана емес, сонымен бірге тәуелсіздіктің, мемлекеттіліктің өте маңызды элементі, тіпті мүлде жаңа қазақстандық дүниетанымды қалыптастыру құралы болады деп ойлаған емеспін. Алғашқы банкноттардың түп-төркіні Англиядан болатын, бірақ бүгінде өзіміз қолданып жүргендер – толықтай өзіміздікі, қазақстандық.
Қазақстанның тарихында көптеген даңқты беттер бар, қазір мен солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын жапқан 1990 жылдың 29 тамызын еске түсіргім келеді. Ол кезде әлі де Қазақ КСР-і болатын, бірақ мен қазір біздің Президентіміздің сол кезде қабылдаған шешімі Тәуелсіздігіміздің хабаршысы болғанын, оның біздің Көшбасшымыздың және еліміздің қандай болуы мүмкін екенін көрсеткенін түсініп отырмын.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған банкнотта Тұңғыш Президент портретінің бейнеленуі – бүкіл Қазақстан халқының Нұрсұлтан Әбішұлының өз елі үшін және отандастары үшін жасаған барлық жақсылықтарын жақсы түсінетіндігінің және өте жоғары бағалайтындығының белгісі. Мен жаңа банкнотты қанағаттанушылық сезіммен қарап шықтым. Дизайны өте тамаша, бірнеше еселенген қорғаныш жүйесі бар. Ол Қазақстан қоғамының бұрынғыдан бетер топтасуына және бірігуіне жағдай жасайтын болады деп ойлаймын.
Тәуелсіздіктің төл теңгесінде Тұңғыш Президентіміздің тұлғасы бедерленуі – тарихи оқиға. Отандастарымыздың ортақ қуанышы. Ел мерейі еселеп өскен 25 жыл ішінде қол жеткен табыстар осының айғағы.
Әлем мемлекеттерінің тарихында көшбасшыларды ұлттық валютада бейнелеу дәстүрі бар. Нельсон Мандела, Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куан Ю, Уинстон Черчиль сияқты таңдаулы тұлғалар тобынан біздің Елбасымызды көру зор қуаныш.
Анатолий БАШМАКОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі
Жетістіктеріміз – Елбасының ерен еңбегінің нәтижесі
Біздің еліміз айрықша тарихи оқиғаның – Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығының қарсаңында тұр. Қазақстан секілді жас республика үшін бұл – өте маңызды күн. Біздің Конституциямыз, егемендігімізді алғаннан кейін шегенделген шекарамыз, көк Туымыз, еңселі Елтаңбамыз және асқақ Әнұранымыз, содан кейін, біздің ұлттық валютамыз – теңге – дербестігіміздің төл нышандары болып табылады. Осыдан жиырма үш жыл бұрын Мемлекет басшысы өзінің Жарлығымен ұлттық валютамыздың шыққанын және оның айналымға енгенін жариялады. Міне, сол кезде еліміздің тағы бір маңызды іргетасы қаланды.
Қуаныштысы сол, біз Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы Ұлттық валюта күнінде Тұңғыш Президенттің суреті мен мемлекетіміздің символы бейнеленген он мың теңгелік банкнотты шығардық. Әр елдің мемлекеттігінің қалыптасуына, дамуына орасан күш жұмсаған көрнекті тұлғалардың суреттері төл купюраларына басылуы әлемдік тәжірибеде ілгеріден бар үрдіс.
Осы уақытқа дейінгі қазақстандық теңгелерде біздің ұлы философтарымыздың, тарихтағы билеушілеріміздің, бірегей музыканттарымыздың бейнесі болғаны елдің есінде. Енді бұл қатарға Қазақстанның Тұңғыш Президенті қосылды. Мұны барша халықтың, қоғамның Елбасының егемендігімізді қалыптастырудағы айрықша рөлін, қарыштап дамуымыздағы баға жетпес еңбегін тануы және бағалауы деп білемін. Сондықтан мұндай ескерткіш банкноттың пайда болуын маңызды оқиғалар санатына қосуымыз керек. Бұл бұдан әрі дамуға ұмтылуымыздың және өтіп бара жатқан жылдың сәтті символы болып қалары сөзсіз.
Абылай МЫРЗАХМЕТОВ,
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы
Табыстарымызды жарқырата көрсете білейік
1993 жылы Өскемен қаласында дивизия командирі болып жүргенмін. Бірде бізден ақша тиелген вагондардан жаңа ұлттық валютамызды түсіруді сұрады. Бұл қуаныш әлі есімде. Өйткені, біз әртүрлі салада – біріміз генерал, біріміз мұғалім, біріміз дәнекерлеуші болып қызмет атқарып, жұмыс істесек те, барлығымызды бір нәрсе ғана біріктіреді, ол – патриотизм. Біз – патриотпыз.
Патриот дегеніміз – Отанын шексіз сүйетін, оған барлық күш-жігерін жұмсайтын, соның жолында ерлік жасайтын адам. Ал мен өзімді Қазақстанда тұратындығым үшін бақытты сезінемін. 1985 жылға дейін Ростов облысы Новошахтинск қаласында тұрған қарапайым кеншінің ұлы болғанымды мақтан тұтамын. Содан кейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Орталық әскери округінің қолбасшысы болып, «Астана» өңірлік әскерлері қолбасшылығында қызмет еттім. Астана қаласында ұйымдастырылған алғашқы парадты жүргізу мен үшін үлкен құрмет болды.
Біз Президентіміз үшін және еліміздің игілігі үшін адал қызмет етуге әрқашан дайынбыз. Ал Қазақстан Көшбасшысы суреттелген жаңа естелік банкнот еліміздің жиырма бес жыл бойғы қадамдары мен жетістіктерінің заңды жалғасы және нәтижесі болып табылады.
Владимир ШАЦКОВ,
армия генералы, Қорғаныс министрлігі «Әскери-техникалық мектебі» РМҚК бас директоры
"Егемен Қазақстан" газеті