23 қар, 2021 сағат 01:15

Өскеменде үстіне опырылған үйіндінің астында бір апта жатқан қария аман қалды


Өскемен тұрғыны опырылған жер үй төбесі үйіндісінің астында бір апта жатып, тірі қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 22 қараша күні құтқарушыларға қоңырау шалған ер адам көршісінің талай күннен бері үйден шықпай кеткенін айтып хабар берді. 

Оқиға орнына жедел-құтқару жасағы мен өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп жеткен. 

«Белгілі болғандай, жер үйдің төбесі опырылып түсіп, 71 жастағы зейнеткер үйіндінің астында қалған. Орнынан тұра алмаған ол шамамен бір апта жатқандығын айтты. Құтқарушылар қарт кісіні жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды», - деп хабарлады ведомство өкілдері. 

Дәрігерлердің алғашқы көмегінен кейін азамат ауруханаға жатқызылды.