Фото: ашық дереккөз
Өскемен қаласының тұрғыны полицияға арыз түсіріп, танысының бірлескен бизнес ашамыз деген уәдемен өзінен миллион теңгеден астам ақша алып, айтқан уәдесінде тұрмағанын хабарлаған. Бұл туралы Ult.kz мәлімдеді.
Тексеру барысында полицейлер күдіктінің алаяқтық әрекеттерін алдын ала жоспарлағанын және бірнеше адамды осылай алдағанын анықтады. Ол түрлі сылтау айтып, кейбіріне «арзан бағада көлік алып беремін», енді біріне «қарызды үстемақысымен қайтарамын» немесе «пәтер сатып алуға көмектесемін» деп сендірген.
Нәтижесінде ер адам бірнеше азаматтың жалпы сомасы 41 миллион теңгеден асатын қаражатын иемденген. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер оның өзге де ұқсас алаяқтық істерге қатысы бар-жоғын тексеруде.
