23 жел, 2020 сағат 15:33

Өскеменде өрт шыққан көпқабатты үйден 40 адам эвакуацияланды

Өскемен қаласында өртенген көпқабатты үйден 40 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 23 желтоқсан күні сағат 14.28-де Қазақстан көшесіндегі 12 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер электр кабелін және 2-8 қабаттар аралығындағы электр есептегіштерді жалын шарпығанын көрді. 

«Құтқарушылар келгенше электр қуатын өздігінен өшірмек болған 1988 жылғы ер адамның қолын күйік шалды. Ол бірден ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ 6 тұрғын, оның ішінде 4 бала құтқарылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Бұдан бөлек, түтін тұмшалаған подъезден 40 адам эвакуацияланды. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамнан 35 адам мен 9 техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.