30 қар, 2016 сағат 16:28

Өскемен ЖЭО жаңа турбинасы өңірдің энергия теңгерімі тапшылығын қысқартады

- Өскемен ЖЭО қуаты 120 МВт №12 турбоқұрылғыны іске қосу рәсімі өтті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Аталмыш рәсімге қалалар мен облыстардағы мемлекеттік органдардың, AES корпорациясы топ-менеджментінің өкілдері, оның ішінде бас операторлық директор Бернерд Да Сантос пен Еуропалық өңірлік бөлімшенің президенті Марк Грин қатысты. «Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтуде.

Жаңа турбинаны Тұңғыш Президент күні қарсаңында ашып жатқанымыз өте қуантарлық жағдай. №12 турбоқұрылғы өңір үшін әлеуметтік маңызды халықаралық жоба. Оның құрылысы кезінде 250-ге жуық жұмыс орны ашылды.

Бас мердігер қытайлық SEPCO1 мемлекеттік компаниясы. Сондай-ақ қазақстандық мердігерлер де түрлі жұмыстарға тартылды. Осылайша, бұл жоба жергілікті мамандарға құнды тәжірибе алуға мүмкіндік берді», - деп атап өтті Қазақстандағы AES компаниясы тобының президенті Дүйсен Мерғалиев.

Өз кезегінде директор Б. Да Сантос 2016 жыл AES корпорациясы үшін де ерекше болып табылатынын атап өтті. Себебі компания күллі әлем бойынша 35 жылдығын, Қазақстандағы жұмысының 20 жылдығын атап өтуде. Жаңа турбина облыс энергия теңгерімінің тапшылығын едәуір қысқартады, сондай-ақ ШҚО-да қауіпсіз, сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа турбина жылына 800 млн. кВт*с қуат өндіреді.

Жоба Өскемен ЖЭО электр қуатын ұлғайтуға, сондай-ақ қолданыстағы бу турбиналары паркін ішінара ауыстыруға бағытталған. Жаңа турбоқұрылғы салу энергетикалық секторда ірі инвестициялық жобалардың бірі және өңірдің экономикасына оң үлес қоса отырып, станцияны ауқымды жаңғыртуда маңызды қадам болады. Жоба құны 53 млн АҚШ долларына бағаланды.